Нәпсінің құлына айналғандар

Әлеуметтік желілерде сегіз жастағы өгей қызын зорлаған еркек туралы әңгіме қаптап жүр. Жас баланың тәнінен қан кетіп, содан ауруханаға апарып, ота жасап жатырын алып тастапты. Сорақысы сол, өгей әке қызын үш жылдан бері зорлап келген екен. Яғни, бес жасынан бастап зорлай бастаған. Мына жайды естігенде адамдардың осыншама азғындыққа салынып кеткеніне қайран қаласың.

Адамдар неге азып барады?

Осыдан бірнеше жыл бұрын бес жастағы кішкентай қызды автокөлігіне алдап отырғызып алып, саяжайына апарып зорлап, ол аз дегендей қылғындырып өлтірдім деп тастап кеткен еркектің әрекеті сол тұста жұртшылықтың қатты ашу-ызасын туғызған еді. Әупірммен аман қалған бес жастағы қыз бала бірнеше рет ота жасағанына қарамастан, ауруханада көз жұмды. Оны зорлаған адам әйел баласы бар кәдімгі қарапайым азаматтардың бірі болып шықты.

Оңтүстік облыстардың бірінде мектеп директоры болып істейтін орта жастағы ер адам өзінің сегізінші сыныпта оқитын ер баласын зорлағаны анықталды. Сұмдығы сол, мектеп директоры өз баласын бірнеше жылдан бері зорлап келген екен. Мектеп директоры дегеніміз ұстаздардың ұстазы ғой. Міне, сондай адамның осындай арсыздыққа баруы қайран қалдырады.

Жәрайды, қарапайым адамдар, тіпті ұстаз-педагог болсын, бәрі пенде ғой, нәпсіге ерген шығар дейсің. Бірақ та, биыл көктемде Түркістан облысында мешіттен шықпайтын бір намазхан жетінші сыныпта оқитын екі ер баланы қираған бос үйге апарып, зорлағаны туралы хабардан сайтан-нәпсінің жәй адамдарды қойып, мұсылмандарға да әмірін жүргізе бастағанын бағамдағандай боласың. Бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, ислам шарттарын орындап жүрген жанның көз көріп, құлақ естімеген сұмдыққа барғанына не деуге болады?

Қазір жасыратыны жоқ, қыз-келіншектерді, мектепте оқитын қыз балаларды былай қойып, жас ер балалар мен қол-аяқтары балғадай жігіттер, тіпті орта, егде жастағы ер адамдардың өзі зорлыққа ұшырау қаупі күшейіп кетті. Өткен жылы Алматыдағы мешіттің бірінде әруақтарға бата оқытайын деп келген 17 жастағы бозбаланы мешіт күзетшісі бөлмесіне апарып қол-аяғын байлап қойып бес сағат зорлапты. Иә, сөйтіп, сайтан нәпсіге берілген пенделер мектеп, басқа да қоғамдық орындарды қойып, енді мешітте зорлауға көшкен бе дейсің.

Лас ақпарат адамның санасын ластандырады

Интернет жоқ, шетелдік ақпарат таратылмайтын кеңес заманында қазіргідей арсыздық деген болмайтын. Рас, ол кезде де бірлі-жарым нәпсінің құлы болып, арсыздыққа баратындар кездесетін, дегенмен қазіргідей жаппай белең алмаған еді. Бүгінде шектен шығып кеткен арсыздықтың астарында интернет арқылы мектеп оқушыларынан бастап зейнеткер кемпір-шалдарға дейін қолжетімді болып алған парноақпараттар жатқаны анық.

Телефон арқылы парносайттарға кіріп, жас балалар да нешетүрлі лас ақпараттарды ала алады. Адамның жамандыққа үйір болатыны еш құпия емес. Үлкендер де, балалар да сондай сайттардан арсыздықтың неше түрін насихаттайтын бейнекөрілімдерді қарай жүріп, санасы ластанып, өздері де сондай теріс әрекеттер жасауға ойша дайын бола бастайтыны анық. Ал бұның соңы жоғарыда айтылғандай зорлық-зомбылыққа, көз көріп, құлақ естімеген арсыздықтарға алып барады.

Адамдардың жыл санап арсызданып бара жатуының ең басты және негізгі себебі – интернет арқылы келетін лас ақпараттар екені даусыз шындық. Бұған әсіресе, санасы әлі толыспаған жастар және рухани қуаты әлсіз адамдар тез еріп кетеді. Рухани қуаты мол адам ешқашан нәпсіге құл болмайды.

Енді мынаған назар аударып қараңыз: жоғарыда айтылған сегіз жастағы өгей қызын үш жыл бойы зорлап келген азаматтың ендігі өмірі не болмақ? Оны білу үшін ешқандай данышпан, көріпкел әулие болудың қажеті жоқ. Мен 100% сеніммен мынаны айта аламын. Ол пенде кем дегенде 20 жылға сотталады. Түрмеге барған соң жас баланы зорлағаны үшін түскенін естіген басқалар оны иттің етінен жеккөретін болады. Ертеректе ондайларды түрмеде зорлап, дәрет алатын шелектің жанына жатқызып қоятын болған. Қазір түрменің тәртібі бәлкім өзгерген шығар. Десе де, ондай педофильді ешкім сыйламасы, дос болып араласпасы анық.

Содан кейін бұл бейшарамен туыс-бауырлары да байланысын толықтай үзеді. Жас баланы зорлаған ондай арсызды туысым деп айтудың өзі жиіркенішті. Міне, осылайша, аз күнгі нәпсінің қызығына берілген бейшара жападан жалғыз қалып, жұрттың арасында жиіркеніш туғызатын қор пендеге айналады. Қазір жасы 40-да болса, 20 жылдан соң 60-тан асқан шағында түрмеден шығады. Ол кезде не жанашыр туыс-бауыры жоқ, не зейнетақы алмайды, не үй-жайы жоқ, ешкімге қажетсіз БОМЖ болады. Қиындыққа төзбесе арқан алып мойнына салып асылып өлгеннен басқа лаж қалмайды. Міне, бұл бейшараның болашағы дәл осындай болады. Соның бәрі аз сәттік нәпсі қызығы үшін жасалған арсыз істің нәтижесі.

Түйін: Егер нәпсіге ілесіп, ар ұялар және ең бастысы өмір бойы өкініштен өзегіңді өртер, бар өміріңді қор ететін жаман әрекетке бармаймын десеңіз, интернеттен лас ақпарат қараудан тыйылыңыз. Ондай нәжіс ақпараттардан аулақ болсаңыз, санаңыз таза, өзіңіз де айналаңызбен жақсы қатынаста боласыз. Ешқашан жаман әрекет жасап, өзіңізге де, өзгелерге де залалыңызды тигізбейсіз.

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика