Нәпсінің құлдары

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазір әлеуметтік желілерде, ютуб каналында Сәтпаев қаласында болған оқиға қызу талқыланып жатыр. 75 жастағы қария 5 жастағы жас бүлдіршінді зорлаған. Көз көріп, құлақ естімеген осындай хайуандық әрекет жасаған шалды қолымызға бер деп қала тұрғындары полицияны қоршап, шу шығаруда. Педофилді халықтың қолына берсе, не істейтіні белгілі, яғни сол жерде қолын қол, бұтын бұт етіп айырып, тапап өлтірмек.

Нәпсі адамның ақыл-ойын билейді

Ислам дінінің негізін салған Мұхаммед пайғамбардың «нәпсімен күрес қиямет қайымға дейін созылады» деген хадисі бар екен. Осыған қарап, нәпсімен күреске пайғамбардың қаншалықты назар аударғанын бағамдауға болады. Жалпы, кез келген дәстүрлі дінде нәпсіні бақылауда ұстауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұның астарында үлкен мән бар.

Бһагавад Гитада оттың түтінсіз болмайтыны сияқты, барлық әрекеттің астарында нәпсі болатыны айтылады. Нәпсі деген – бұл тек жыныс жақындығына деген құштарлық  емес. Нәпсі – бұл ақшаға, байлыққа, мансапқа, атақ-даңққа, арақ-шарапқа, т.б. құштарлық. Ондай құштарлыққа бой алдырған пенде рахат алу нысаны болған нәрсеге жету үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды.

Мансапқа жету үшін басшыны өтірік мақтап, жағымпаздықтың жүрек айнытар жиіркенішті түрін жасаған бір кісіні білемін. Ол мансапқа қолы жеткен соң қарамағындағыларды қырып жібере жаздап, топастығы мен дөрекілігін, надандығын айналасындағыларға паш етті және өзін басқаларға жеккөрінішті көрсетіп алды. Ал ақша үшін туған туыстарымен соттасып, тіпті бауырын, күйеуін, баласын өлтіріп жататындар бар.

Нәпсіге бой алдырған адамда ерік-жігер болмайды. Ондай адам психикалық жағынан әлжуаз, әлсіз болады. Ондай адамның есі-дерті қайткен күнде де нәпсісі қалаған шаруаны жасап, содан аз ба, көп пе бір рахат алу болады. Ол рахат тіпті, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіріп, өміріне қатер төндірсе де оған қарамайды.

Нәпсіні қалай жеңуге болады?

Нәпсіні жеңу үшін қажет нәрсе – ең алдымен ерік-жігер күші. Ал ерік-жігер күші өздігінен келмейді, оны ұзақ жылдар бойы саналы түрде жаттықтырып, көбейтіп отыру қажет. Мысалы, күнде таңертең ерте тұрып, 15-20 минут таза ауада дене жаттығуын жасауды әдетке айналдыру үшін сіз көп тер төгуіңіз, бойыңыздағы жалқаулық пен бойкүйездікті жеңуіңіз қажет болады. Ол бір күнде бола салмайды, күн сайын жаттығуды, белсенді әрекет етуді талап етеді.

Арақ ішіп жүрген маскүнем оның зиянды екендігін, қаншалықты залалын тигізіп жатқанын білмейді емес, біледі, бірақ арақты тастауға қауқары жоқ. Өйткені, санасын билеген нәпсі ерік-жігер күшін әлсіретіп, жойған. Әлжуаз, ынжық, ез адамға айналған маскүнемнің бойында арақ ішуге қарсы тұратын қауқар жоқ. Ол нәпсінің құлы болып әбден жүнжіп, езіліп қалған.

Спортпен айналысып, нәтижеге жету үшін ұзақ жылдар бойы үзбей жаттығу қажет болатыны сияқты, нәпсіні жеңер ерік-жігерді молайту үшін де ұзақ уақыт психикалық жаттығулар жасап, ерік күшіңді көбейту қажет болады. Ол үшін не істеу қажет?

Алдымен кішкентайдан бастаңыз. Күндегі уақытыңыздан 30 минут бұрын оянып, 15-20 минут дене жаттығуын жасаңыз. Бұның залалы жоқ, ал пайдасы өте көп. Рас, алғашында өте қиын болады. Жылы көрпеден тұрғыңыз келмейді, сәл-пәл ұйықтай тұрайын деп ойлайсыз. Бірақ, бойыңызға бар ерік-күшіңізді жиып, өзіңізді төсектен зорлап тұрғызып үйреніңіз. Бірер айдан кейін бұл ақырындап әдетке айнала бастайды да, ал бір жылдан кейін сіз ерте тұрып, дене жаттығуын жасаудан кәдімгідей рахата алатын боласыз. Ерік-жігер күші көбейіп, оңай тұрып, дене жаттығуын да оңай жасайсыз.

Жаман әдеттерден арылуда да осы тәсілді пайдалануға болады. Мәселен, темекіні тастау. Ақылыңыз олай бұлтарып, бұлай бұлтарып, темекінің оншалықты залалы жоқ, кейін тастап кетемін ғой деген сылтауларды айтуға бейім тұрады. Бірақ, берілмеңіз. Өзіңізді мәжбүрлеп таңертең төсектен тұрғаныңыз сияқты, енді темекіні қоқысқа лақтырып, оны тартпау үшін барынша тырысып күресіңіз. Алғашында қиын болғанымен, кейін келе нәпсі әлсіреп кері шегіне бастайды. Ал бірер жылдан кейін темекіні ойыңызға да алмайтын боласыз.

Мансапқа, байлыққа деген құштарлық, жыныс жақындығына деген құштарлық – бәрін де осылай әлсіретіп, өзіңізге бағындыруыңызға болады. Ол үшін саналы түрде күн сайын ақырындап әрекет жасауыңыз қажет. Түптің түбінде жеңіп шығатыныңыз анық. Ал нәпсіні жеңу не береді? – дегенге келсек, сіз өмірден көп игілік табасыз. Ең алдымен, саналы түрде өзіңізге пайда әкелетін жақсы істерді жасауға көшесіз, залалды әрекеттерден бас таратсыз. Бұның бәрі өміріңізге үлкен өзгеріс әкеліп, ойыңызға алған мақсаттарыңызға оңай жетуіңізге көмектеседі.

Енді мынаған назар аударыңыз: егер сіз нәпсіні жеңуге талпынбасаңыз, онда нәпсі сізді жеңіп, өзінің құлақ кесті құлына айналдырады. Ал нәпсіге құл болудың ақыры өзіңізге де, айналаңыздағыларға да үлкен залалын тигізеді. Сөзіміздің басында айтқан Сәтпаев қаласында тұратын 75-гі шалдың ендігі тағдыры не болмақ? Ойлаудың өзі қорқынышты. Бес минуттық нәпсі рахаты үшін ол өз өміріне балта шапты. Енді оған ешқандай да аяушылық болмайды. Жәрайды, адамдардың қолына бермесін, өлім жазасына кеспесін, бірақ ұзақ жылдар түрмеде отырары анық. Ондай педофилден туыстары да безінеді, түрмеде отырғанда айналасындағылар да жеккөрінішпен қарайды, барша әлем одан теріс айналады. Яғни, бұл дүниедегі өмірі осындай жексұрындықпен, қорлықта өтсе, өлген соң тозақтың ең түбіне түсіп, мәңгі азап нәсіп болады. Міне, нәпсі әкелген игілік – осы. Сондықтан, ақылыңыз болса, нәпсімен күреске көңіл бөліңіз. Әйтпесе, нәпсінің құлына қалай айналаныңызды сезбей  қаласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика