Пайдалы іспен айналыспаудың азабы

Ғылым мен техниканың шарықтап дамуы адамдарды  қол еңбегінен босатып, бос уақыттарын қалауларынша өткізулеріне мүмкіндік жасады және бос уақыт деген де көбейді. Ресми демалыс саналатын сенбі-жексенбіні былай қойғанда, жылына ондаған күндерді алатын түрлі мейрамдар бар, оған жылына бір рет берілетін отыз күндік еңбек демалысын қосыңыз. Жұмыс күнінің небары 8 сағатқа созылатынын, қалған уақытта демалатыныңызды естен шығармаған жөн. Осылардан байқап отырғанымыздай, қазір адамдарда бос уақыт деген көп, тіпті өте көп екен.

Уақытты тиімді пайдаланбаудың зардабы

Ведалық ілімнің түсінігі бойынша уақыт деген бұл Жаратқанның бір сыйпаты, яғни қуаты болып саналады және ол Кала деп аталады. Уақытын тиімді пайдаланбаған адамды Жаратқанның  қуаты болып табылатын уақыт, яғни Кала жазалайды. Қалай? Енді соған назар аударалық.

Көп адамдар демалыс күндерін ұйықтаумен немесе теледидар қарап, еш пайдасы жоқ сериалдар мен хабарларды тамашалаумен, болмаса қонаққа барып, ішіп-жеп көңіл көтерумен өткізіп жатады. Бұның бәрі уақытты тиімсіз пайдаланудың айқын көрінісі. Осылай өз уақыттарын пайдалы істермен айналыспай, босқа өткізетін адамдар қызығы сол, әрдайым шаршап, көңілсіз жүреді. Тіпті, демалыс күндері түске дейін ұйықтап, күнұзақ теледидар қарап текке жатса да, олар дүйсенбі күні жұмысқа шыққанда шаршап, жабырқау күйде болады.

Уақытын босқа өткізіп, пайдалы іспен айналыспайтын жандар өмірде қиындық пен тауқымттен көз ашпайды және денсаулықтары да жақсы болмайды. Неге десеңіз, пайдалы іспен айналыспай өзіне де, өзгеге де пайдасы тимейтін сериалдар көріп немесе әлеуметтік желілерді қарап, болмаса бас әңгіме айтумен өткізетіндер жұмыста биік нәтижелерге жете алмайды. Өзін кәсіби жағынан дамытпағандықтан, қызмет баспалдағымен өспейді, жалақысы жоғары қызметтерге тағайындалмайды, соған орай тұрмыстары да нашар болады.

Пайдалы іспен айналыспайтын адамдардың айнымас серігі – жалқаулық. Олар түні бойы  теледидар қарап, болмаса қонақта болып, ертеңіне демалыс күні болса түске дейін ұйықтайды. Жұмыс күні болса амалсыз ерте тұрып жұмысына барғанымен, шаршап жүргендіктен дұрыс жұмыс істемейді, қалғып-шұлғып отырады. Салайатты өмір салтын ұстанып, демалу, тамақтану режимін сақтамайтындықтан, олар жиі ауырып, емханаларды жағалап жүреді.

Пайдалы іс игілікке бастайды

Уақытын тиімді пайдаланып, пайдалы істер жасауға бейім тұратын адамдардың шаруасы әрдайым ілгері басып, өмірде де, тұрмыста да, еңбекте де үнемі жолдары болып жатады. Ондайлар еңбекқор, іскер, белсенді болып келеді. Бүгін істейтін шаруаны ертеңге қалдырмайды, тыянақтылық олардың айнымас серігі. Сондықтан да, ондайлар қызмет баспалдағымен жедел көтеріліп, жақсы қызметтерге тағайындалады. Соған орай, жалақылары көбейіп, тұрмыс жағдайлары дұрыс болады.

Жақсы жұмыс істеп, табыс табу үшін өз мамандығы бойынша терең білім алып, үнемі даму қажеттігін түсінетін ондай адамдар кәсіби жағынан дамуға жете көңіл бөледі. Уақытының көбін оқумен, білім алумен, өзін өзі дамытумен өткізеді. Ондай адамдарда әдетте бос уақыт деген болмайды. Жұмыстан қолы босай қалса, кітап оқиды, пайдалы ақпараттар алады немесе бау-бақша салып, басқа да пайдалы істермен айналысады. Үнемі пайдалы іс істейтіндіктен шаруалары әрдайым ілгері басады және соған орай көңіл күйлері де әрқашан көтеріңкі болады.

Жақсы өмір сүру үшін жақсы денсаулық керек болатынын білетін ондай адамдар денсаулықтарын күтуге де жете көңіл бөледі. Таңертең дене жаттығуын жасау, салауаттылықты ұстану, ұйықтау, тамақтану режимін сақтау – осыларыдң бәріне уақыт табады және уақытын сондай пайдалы істерге арнайды. Сондықтан да, онадй адамдардың денсаулықтары мықты болады, ауырмай-сырқамай бір мезгілде бірнеше жұмыс атқарып, мол табыс таып және бәріне уақыт тауып жүреді.

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика