77 көрілім

Сезім

2 мая 2021 г.

Пікір ( 0 )

Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Үнді халқының қасиетті кітабы саналатын Бахагавад Гитада өлі тәннен сезімнің, сезімнен, ақылдың, ал одан зерденің, зердеден жанның жоғары екендігі айтылады. Химиялық элементтерден тұратын өлі деп саналған тәнге қарағанда сезім бір саты жоғары тұр. Қуаныш, сағыныш, қорқыныш сезімін қолмен ұстап, көзбен көру, не иісін сезу мүмкін емес. Сезім – бұл материалдық сапа емес. Ал, оның мекені — жүрек.

Сезім адамға ғана емес, аң-құс пен хайуанға да тән қасиет. Қорқу, жақсы көру, рахаттану, не болмаса азап тарту – мұндай қарапайым сезімдер хайуанда да бар. Дегенмен, адамның сезімдері өткір және біршама терең сипатта болмақ. Оған адамның жалаң сезім деңгейінде ғана болмай, сезімге ақыл, зерденің де араласуы осындай терең сипат беретін сияқты. Төліне еміреніп, иетін сиыр өріске шыққан соң-ақ бұзауын мүлде есінен шығарады. Оның есіл-дерті тек қарнын тойғызуға ауады. Ал, сәбиін емізгенде ғана емес, ана оны алыс сапарда жүргенде де есінен бір шығармай, үнемі ол туралы ойлап жүреді. Яғни, ананың жақсы көру сезімі ақыл және зерде арқылы сәбиін есінде сақтап, оның тәтті қылықтарын есіне түсіре отырып, баласын онан сайын жақсы көруге, оны сарыла сағынуға ықпал етеді.

Теледидардан «Жабайы табиғат» деген американдық көп сериялы деректі фильм көрсетілді. Аң-құстар мен су мекенділердің арасында өмір үшін күн сайын, минут сайын қаншалықты күрес жүріп жататындығын көргенде, еріксіз бойыңды қорқыныш билейді. Кішіректеу аң-құстар үнемі үлкен жыртқыштардың қорегіне айналып, әр сәт сайын қанша тіршілік иелерінің қаны төгіліп жатады. Өмір үшін арпалысқан күрес тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал, адам дәл сондай арпалысты жағдайда өмір кеше алар ма еді? Әрине, соғыс уақытында қан кешіп жүрген жауынгерлердің ажалға да, қауіп-қатерге де біршама еттері үйреніп кететіндері рас. Дегенмен, мұндай қауіп-қатер өмір бойы соңдарынан қалмай, одан құтылудың жолы мүлде болмаса, мұның өзі аң-құстардың тіршілігі  сияқты өмір сүру дәстүріне айналса, адамзаттың жайы қалай болар еді? Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Ол кезде ешқандай заң, жауапкершілік, қайрымдылық, аяныш сияқты адами қасиеттер атымен болмайтын, тек қара күшке негізделген, күштінің әлсізді зорлауы мен қорлауына құрылған жабайы қоғам орнығар еді. Мұның өзі адамның бойындағы игі қасиеттерді түгел жойып, оны аң деңгейіне дейін түсірер еді.

Балапандарын түгел жылан жұтып қойып, өзі оның аузынан әзер құтылатын жайлар құстардың тірлігінде үнемі кездесіп тұрады. Ал, осындай жағдай адам өмірінде бір рет кездескеннің өзінде бұл оларға ешқашан ұмытылмастай ауыр зардап әкелері анық. Өйткені, адам жоғарыда айтып кеткеніміздей, жақсылық пен жамандықты сезім арқылы ғана емес, ақыл, зерде деңгейінде түйсінеді. Бұл – оның зардабын әлденеше есе күшейте түседі.

Адамның қуанышы да, қайғысы мен қорқынышы да аң-құстарға қарағанда әлдеқайда күшті және терең болатындығы да сондықтан. Адам аң-құстар мен хайуан сияқты тек сезім деңгейінде өмір кешпейді. Ішіп-жеу, ұйықтау, шағылысу және қорғану сияқты төрт әрекеттен ғана тұратын хайуани тірлікке қарағанда адамның өмірі аса күрделі. Өмірді сезімнен биік ақыл, зерде деңгейінде түйсіне алатын адамның тірлігі өзара эмоциялық алмасуларға негізделген. Хайуан үшін шағылысу, сол арқылы ұрпақ жалғастыру табиғи қажеттілік болса, адам үшін ол ең алдымен сүйіспеншілікке негізделген ерлі-зайыптылардың бір шаңырақта өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, бір-біріне сүйеніш болып ғұмыр кешуі, ал, бала сәби кезіндегі тәтті қылықтарымен қуантушы ғана емес, өмірлерінің жалғасы, өле өлгенше жақсысына қуанып, жаманына қайғырып жүретін жақын жанашыр жан. Олардың арасындағы эмоциялық қарым-қатынас терең де, сан алуан.

Адам өмірі түрлі эмоциялық күйлерді бастан кешіруден тұратындықтан, сезімнің олардың өмірінде үлкен рөл атқаратыны анық. Оның ішінде біз сөз етіп отырған қорқыныш сезімінің рөлі тіпті, зор. Өзіне тап берген жолбарыстың тырнағынан әзер сытылып, ағаштың басына шығып кеткен маймыл төменде тісін ақсита қарап аңдып тұрған жыртқышты әп сәтте-ақ есінен шығарып, қарын қамына кіріспек. Ал, адам олай жасай алмайды. Өз өміріне әлдекімнің қауіп төндіретіндігін білген сәтте адамның бар ақыл-ойы сол қатерден құтылуға бағытталмақ. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған ол қатерден қашан құтылғанша тағат, сабырынан айрылатындығы дау туғызбас шындық.

Қадам басқан сайын қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр аң-құспен салыстырғанда әлдеқайда мамыражай бейбіт тірлік кешетін адамның үрей мен қорқынышты олардан әлдеқайда көп және терең сезінетіні қалай? Жоғарыда айтып кеткеніміздей, хайуан тек сезім деңгейінде тірлік кешсе, адам ақыл, зерде деңгейінде өмір сүреді. Хайуан қауіп жойылысымен оны бірден есінен шығарады. Ал, ақылы мен зердесі бар адам әлгі қатерді қайта-қайта ойлап, оның алдын алу, одан құтылу жолдарын қарастырмақ. Тіпті, қауіптен толық құтылып кеткен соң да адам оны бірден ұмыта алмайды. Зерде арқылы оны есінде сақтап, сондай қатерлер болашақта тағы да болуы мүкін-ау деген оймен уайым-қайғыға бой алдырмақ. Адамның үрей мен қорқыныштан өмір бойы арыла алмай, үнемі күдік пен күмән құшағында жүретіндігі де сондықтан.

Осы баяндалған жайлардан түйіндейтініміз: үрей мен қорқыныштың мекені – ақыл мен зерде екен.

Өмірдің барлық салалары туралы пайдалы ақпараттарды түгел бір жерден - PAIDALY AQPARAT сайтынан таба аласыз. Сайтқа мына сілтеме арқылы кіріңіз: https://seixun.ru/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика