Шегіртке дегенге шамданатын не бар?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Таяуда «Астарлы ақиқат» деген телебағдарламада кәсіпкер, өзін өзі дамыту саласының сарапшысы Ахметбек Нұрсила мен бірқатар әнші жұлдыздар пікірталастырды. Талай-талай белгілі адамдарды жүздестіріп, пікіралмасуларына жағдай жасап жүрген қалың көпшілікке танымал телебағдарламаға кімдер келіп, кімдер пікірлерін айтпай жатыр, неліктен дәл осы кездесуге назар аудару қажет деген ой келуі мүмкін. Бұл кездсеуге назар аударуымыздың астарында қазақ халқының бүгіні мен болашағына үлкен әсерін тигізетін өзекті мәселе тұр. Енді сол мәселеге назар аударайық.

Шегіртке мен құмырсқа

Орыстың атақты мысалшы ақыны Иван Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» деген мысал өлеңі бар. Ала жаздай ән салып, қызық қуған шегіртке күз келіп, одан кейін қар жауып қыс түскенде жаны қысылып, жаздай тыным таппай жұмыс істеп, қыстық қорын жинап алып, жылы ұяда рахаттанып жатқан құмырсқаға келіп «жаз шыққанша асыра» деп жалынады. Сонда құмырсқа: «…Жаз өтерін білмеппе-ең, ала жаздай ән салсаң, селкілде де билей бер» деп ертеңгі күнін ойламай уақытын қызық қуып босқа өткізген шегірткеге есігін ашпаған екен дейді.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында еліміз үшін аса бір ауыр шақта өз бизнесін ашып, сол салада үлкен жетістіктерге жеткен белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстырып, өз тренингтері арқылы қазақтарды ілім-білімге үйретіп жүрген ұлтжанды азамат. Ол кісінің ұлтты аздыратын «Қалаулым» бағдарламасын жабуға қарсы халықты көтеріп, акциялар ұйымдастырғанын жақсы білеміз. Осының әсері болар, Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге назар аударып, аталмыш бағдарламаны жабу қажеттігін айтқан еді.

Осы кәсіпкер Ахметбек Нұрсила ертеңгі болашағын ойламай, бүгінгі күннің өлшемімен күн кешіп, шырылдауық шегіртке сияқты қызық қуып, той тойлап жүрген қалың қазақты үнемшілдікке, кәсіп үйренуге, бизеспен айналысып, бақуатты болуға шақырғаны әлдекімдерге, оның ішінде өздерін «жұлдызбыз» деп көкіректері көр тіреп, фанограммамен жұртты алдап, концерттерін қойып, қаптап ақша тауып жүрген әншілерге ұнамай қалыпты. Ұнамай қалғаны, кәсіпкер  халықты тойшылдыққа үндеп, сол тойлардан қыруар ақша тауып қалталарын қампитып жүрген әншілердің соңғы кезде халықты ашықтан ашық алдауға көшіп, лоторея ойындарын ұйымдастыруларына қарсы пікірін білдіріп, сөз арасында салыстырмалы түрде  Крыловтың мысалындағы «шырылдауық шегірткеге»  теңегені олардың шамына тиген сияқты.

Тәтті өтіріктен ащы шындық артық

Бұл бағдарламада айтылған сөздер халық арасында үлкен пікір туғызып, әлеуметтік желілерде ол жөнінде жұртшылық өз пікірлерін айтып жатыр. Осы орайда, белгілі сықақшы Қабатов та пікірін білдіріп қалды. Оның айтуынша, той тойлап, ақшаларын тойға шашып жүрген де, әншілер ұйымдастырған лотореяларға ақшаларын шығырып қатысып, қос-қостап сатып алып жатқан да қарапайым халық.  Оларды бұған ешкім зорлап немесе мәжбүрлеп жатқан жоқ.  Егер адамдар кредит алып шабылып той жасамаса, уыстап ақшаларын әншілерге бермесе, олар ұйымдастырған лотореяларға қатыспаса, онда «жұлдызбыз» деп жүргендер бүйтіп шектен шықпас еді. Қисыны осы ғой.

Қазір үлкен қалаларды қойып, кенттерде, ауылдарда ат шаптырым мейрамханалар, тойханалар салынуда. Өзім тұратын Көкшетау қаласында тойханадан көп ештеңе жоқ. Ақшасы бар ағайын табыс табудың ең оңай және сенімді жолы осы деп – тойхана салады. Ал сол қаптаған тойханалар қысы-жазы бір босамайды. Қазақ баласы немесе немересі бірінші сыныпқа барса той жасайды, мектеп бітірсе той, 40,50,60 жасқа толса мерейтой, отбасы құрғанына он, жиырма жыл толса тағы той – әйтеуір не көп, той көп. Жиған-терген ақшасын түгел тойға салып, одан қалды банктерден үлкен өсіммен кредит алып шашылып той жасайтын қазақ ала жаздай ән салып, қызық қуған шегіртке сияқты. Той жасамайтын, бұндай шығындары жоқ өзге ұлт өкілдері ақшаларын депозитке салып, баспана, автокөлік, басқа да бағалы заттар алып, бизнеске жұмсап бақуатты болып жатса, қазақ бітпейтін тойдан титықтап, басқалардан қалмайық деп «жұлдыз» әншілерді тойға шақырып, бір ән айтса қалтасына уыстап ақша салып шашылып жүр. Ақшасының бәрі тойға кететін қазақта сосын басына қиындық түскенде жұмсайтын қор да жоқ.

Қор демекші, короновирус дертіне байланысты жарияланған карантин кезінде қоры жоқ қазақтар Крыловтың мысалындағы шегіртке сияқты қатты қиналып, әйтеуір мемлекет берген 42500 теңге мардымсыз көмекті аламыз деп қырылып қала жаздады. Ал қоры бар өзге ұлт өкілдері сол қорларын жеп үйлерінде қиналмай жатыр.  

Сонымен шындық қайсы, жалғаны қайсы? Шындық: кәсіпкердің «шырылдауық шегірткеге» теңеп, ертеңін ойламайтын, тойшылдық деген дертке ұрынған қазақтар мен оларды осыған ынталандырып, соған насихаттап жүрген әнші-жұлдыздар екендігін айтқан емеурінді сөзі. Жалғаны:  кәсіпкердің сөзі арымызға тиді, оны сотқа береміз деп шапшыған әнші-жұлдыздардың жалған намысты қуған дабыра айқайы.

Шындық мынада ғой: лоторея ойыны дегенді ақыл-есі дұрыс адам жалғыз мақсатпен – АҚША ТАБУ үшін ғана жасайды. Мәселен, сол лотореяны шығарып, оған түрлі бағалы ұтыстар тігуге жұмсалған шығыннан, оны сатып тапқан ақша түсіретін табыс кем дегенде екі есе артық болуы тиіс. Егер ұйымдастырушының барлық шығыны 10 миллион теңге болса, лоторея сатудан түсетін табыс кем дегенде 20 миллион болуы керек. Сонда ғана осындай ойынды ұйымдастыруға болады. Әйтпесе, одан қандай пайда?

Оны ұйымдастырушылардың айтқан мұқтаждарға көмек, қайрымдылық үшін жұмсаймыз дегендері есі дұрыс адамды сендіре алмайтын қисынсыз сөз ғана. Егер қисынды болса, өздеріне әлеуметтік желілер арқылы әртүрлі айыптаулар айтылып жатқанда сол лоторея ұйымдастырғыш жұлдыздар неге нақты құжаттар арқылы тапқан табыстарының қандай қайрымдылық істерге жұмсалып жатқандығын айтып, дәлелдемейді? Ондай құжат та, дәлел де жоқ қой.

Түйін: Кәсіпкер Ахметбек Нұрсила айтқан шегіртке дегенге шамданатын ештеңе жоқ. Бұл — қазақтың басындағы ТОЙШЫЛДЫҚ деп аталатын қазіргі ең ауыр дерті. Қазақты кедейшіліктің құрдымына құлатып жатқан да осы дерт. Әлдекімдердің фонограммамен ән салып, қырып ақша жинауларына жағдай жасап жатқан да қазақтың осы қызық қуғыштық әдеті, ақырсында лоторея ойнап, олжаға кенелдіреміз дегенге сеніп, соңғы ақшаларына лоторея сатып алдырып жатқан да сол шегірткеге тән «бүгін болса болды, ертеңнің қажеті жоқ» деген шолақ түсінік. Осындай түсініктен арылып, құмырсқа сияқты болашағымыз үшін еңбек етіп, ертеңіміз үшін қор жинайтын болсақ, бақуатты, бай тұрмысқа жетіп, молшылықта қысылмай күн кешетініміз ақиқат.   

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика