Талибан тағы билікке келді

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қырық жылдан астам уақыт соғыстан көз ашпаған ауған елінде тағы билік  ауысты. Экстремистік, әсіредіншілдік көзқарастарымен белгілі болған бұрын да бір рет билікке келіп, біраз халықтың құтын алған дін оқушылары атанған тәлібтер тағы да қарудың күшімен билікті басып алды. Әсіредіндарлардан шошынған халық үйлерін тастап жан-жаққа қашып жатыр.

Нанға нәжіс жағып жеу

Иә, бұл өзі адамның жүрегін айнытатын іс, нанға нәжісті ақыл-есі дұрыс адам жағып жемейді. Десе де, көз алдыңызға осы жайды келтіріп көрсеңіз, оның қаншалықты жиіркенішті және өрескел болып көрінерін түйсінер едіңіз. Қазіргі әсіредіндар – тәлібтердің әрекеті де нанға нәжіс жағып жегенге ұқсайды.

Егер тарихқа ой таразысымен назар аударып қарайтын болсаңыз, бүгінде әлем халықтары ұстанып отырған негізгі 5 дәстүрлі дін – иудей, христиан, ислам, буддизм және индуизм діндерінің бәрі де адамзатты имандылыққа, қайрымдылыққа, кешірімшілікке, жалпы алғанда жақсы адами қасиеттерге шақырады. Бұл діндердің ешқайссында қолыңа қару алып шайқас, жауларыңды жер жастандырып аяусыз қырып-жой, бар өміріңді қару арқалаған жауынгер болып өткіз деген түсінік жоқ.

Рас, ислам дінін таратудың алғашқы кезеңінде соғысуға мұсылмандарға Жаратқан тарапынан рұқсат етілді. Дегенмен, бұл дінді ерікті түрде тарату әрекеті болды. Мұсылмандар жаулап алған жердегі халықты күштеп дінге мәжбүрлеген жоқ. Мәселен, Византия империясын жаулап  алған осман түріктері христиан дінін ұстанатын гректерге шіркеулерінде құдайға құлшылық етулеріне толық еркіндік берді.

Ал бүгінгі өздерін ислам дінін ұстанушылар, жәй ұстанушылар емес исламның тіректері санап жүрген қауғитып сақал қойып, далиған дамбал киген тәлібтер болса, өзге дін өкілдері түгілі, өз бауырлары мұсылмандарды да сәл-пәл айыбы үшін малша бауыздап өлтіре салады. Олардың осы қатыгездіктерінен шошынған халық ауған елінен жан-жаққа жаппай қашуда. Осы елде тұратын қазақтар Қазақстан билігіне бізді құтқарыңдар деп өтініш жасады.

Күні кеше әлеуметтік желі арқылы тәлібтердің бұрынғы АҚШ әскерінде  аудармашы болып істеген адамды жиналған тәмам жұрттың алдында аяқ-қолын байлап, кәдімгі қой сияқты бауыздап өлтірген видеосы жарияланды. Видеоға қарап, шапан киіп сәлде таққан, қауға сақал діндарлардың соншама қатыгездіктеріне жаның түршігеді.

Тәлібтер мұсылман ба?

Иә, олар өздерін мұсылманбыз дейді және бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайды. Бірақ та, бұл адамдардың әрекеттері мұсылман түгілі, қарапайым пенделер үшін де шектен шыққан қатыгездік пен дөрекілік, надандық, тіпті хайуандық болып  саналары анық. Ал енді өздерін мұсылманбыз  деп жүрген бұл пенделердің  сондай жүрек айнатар әрекеттеріне қарап, басқа жұрттың «ислам діні деген осы ма, адамды мал сияқты бауыздайды, сәл ғана айыбы үшін өлтіреді, кәмелетке толмаған қыздарды әйел етіп алады, әйелдерді бастарын бүркеп тұмшалап мал сияқты ұстайды, бұның бәрі ислам дінінің шарттары болып саналады екен ғой» деп түсінері анық.

Қазақта «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген нақыл бар. Ал тәлібтер біреу емес, он, тіпті жүздеген мың, сондықтан олардың жиіркенішті надан әрекеттері қазір барша әлем алдында ислам дінін бар абырой-беделінен айырып, жеккөрінішті және жиіркенішті етіп көрсетуде.

Жалпы, соңғы жылдарда ислам дінін ұстанушылар арасында басқа жұрттың ашу-ызасына тиетін, ренішін туғызатын әрекетті жасаушылар қатары өте көбейіп кетті. Ирак, Сирия, Пәкстан, Ауғанстан елдеріндегі әсіредіндарлардың әрекеттері барша әлемді ислам дінінен бездіріп, оны қатыгез, өзгелерге қауіп төндіретін экстремистік ағым ретінде көрсетуде.

Міне, осы жайлар ислам дініне енді жүзін бұра бастаған қазақтардың арасында бұл дінге деген сенімсіздік пен жеккөрінішті өршіте түсуде. Соңғы кезде ата-баба ұстанымы деп тәңіршілдікті уағыздап, соған көшкен жөн, ал ислам діні – арабтардың діні, бізге жат деп айтатындар қатары көбейіп барады. Осылайша, қазақ халқы бір-біріне қайшы екі діни ағымға жіктеліп бара жатқан түрі бар.

Ислам экстремистері деген мәселе құқық органдары ғана емес, халық арасында да жиі айтылады. Христиан немесе буддизм экстремизмі деген ұғым жоқ. Неге десеңіз, бұл діндерді ұстанушылар мұсылмандар сияқты жазықсыз жандарды өлтіріп, лаңкестік әрекеттер жасап жатқан жоқ және барша әлемде өз дінімізді орнатамыз деп ұрандамайды да. Өзге дін өкілдерінің бәріне шекесінен қарап «кәпірлер» деп санайтын және барша әлем ислам дінін қабылдауы керек деген түсінікті саналарына сіңірген әсіредіндарлар көп. Содан болар, қазіргі күні әлем халықтарына, оның бейбітшілігі мен бостандықтарына ислам дінінен үлкен қатер төніп тұрғандай.

Тәлібтердің билікке келуінен іргелес отырған Тәжікстан мен Өзбекстан, қырғыз елі шошынып, шекераларын нығайта бастады. Көздерін соғыспен ашқан, ұйықтағанда автоматтарын құшақтап жататын қауға сақал діндарлардан келер қауіп негізсіз емес. Мұсылманның жасыл туын барша әлемге таратамыз деп өрекпитін әсіредіндарлардың ауған елімен шектеліп қалмай, күні ертең Орта Азияның басқа мемлекеттеріне баса көктеп кірмесін еш кепілдік жоқ. Және алаңдататыны, тәлібтерге ашықтан ашық іштартатын әсіредіндарлар қазақ елінде де жетіп артылады. Қауға сақал жігіттер мен бастарын қара кебінмен бүркеген әйелдер – тәлібтердің одақтастары.

Біздің елбасымыз бір кезде «әлемге исламнан қауіп жоқ, керісінше исламға әлем елдерінен қауіп төніп тұр» дегенді айтқан еді. Өкініштісі сол, бұл сөздің мәні қазір керісінше болып тұр, яғни әлемге, әлемдегі бейбітшілік пен адамдардың бостандықтарына исламнан, әсіредіндарлардан ҮЛКЕН ҚАУІП төніп тұр.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика