Тарихтан сабақ алмаудың салдары

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ақпарат құралдарында «қаңтар қасіреті» аталып жүрген жаңа жылдың басындағы елімізде орын алған саяси  оқиғалар билік басында отырғандарды да, қарапайым халықты да үлкен күйзеліске салып кетті. Ең өкініштісі, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан наразылық шерулері кезінде 225 адам қаза тапқан екен. Бұл Бас прокуратура өкілінің мәлімдемесінен белгілі болды.  Қаза тапқандардың арасында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған лаңкестермен бірге, құқық қызметкерлері, көшеде кетіп бара жатқан қарапайым азаматтар да бар.

Бұл қанды оқиға не себепті болды, оған кім кінәлі деген мәселелер қазір әлеуметтік желілерде талқыланып, әркім әртүрлі пікірлер айтуда. Бірақ бір мәселе анық: елімізде соңғы жылдарда  күн санап өрши түскен халықтың наразылығы ең алдымен,  белең алған жемқорлық пен әділетсіздікке, бағаның себепсіз шарықтап өсуіне, осыған орай халықтың тұрмыс жағдайларының нашарлауына байланысты  орын алғандығы белгілі. Ал газ бағасының қымбаттауы тұтанғалы тұрған өртке тиген ұшқын сияқты болды. Бұның өзі ұзақ жылдардан бері ішке жиналып қалған әділетсіздікке, жемқорлыққа, билік өкілдерінің заңды белден басқан арсыздықтарына деген жұртшылықтың ашу-ызасының атылған жанартаудай сыртқа шапшуының бір көрінісі болған сияқты.

Негізгі мақсатымыз қанды оқиға не себепті болды, оған кім кінәлі деген сауалға жауап іздеу емес, бұл оқиғаға әкеп соқтырған ең түпкі мәселе болып табылатын отыз жылдан астам уақыт елді басқарған назарбаевтық тоталитарлық жүйенің теріс залалына назар аудару болғандықтан, енді негізгі мәселеге көшейік. Еліміз тәуелсіздігін алған  1990-шы жылдардың басында дүкен сөрелері жылан жалағандай босап, инфляция деңгейі ондаған, жүздеген пайызға жетіп, ақша жәй қағазға айналған тұста халық басқа түскен ауыртпалықтарға еш қиналмай төзді. Өйткені, ертеңгі болашаққа деген үміт бар еді. Сол тұста халық шаруашылықты, экономиканы жақсы білетін, іскер басшы ретінде Назарбаевқа сенді және оған үлкен үміт артты.

Қазақстан сияқты жер асты байлығы жоқ, жемқорлық жайлаған кедей мемлекет Сингапурдың басшылық тізгінін қолына алған Ли Куан Ю-дің естелігінде «Менің алдымда екі түрлі жол тұрды: біріншісі отбасым мен айналамдағыларға қызмет етіп, соларды байыту, екіншісі халыққа қызмет ету. Мен екінші жолды таңдадым» -дейді.

1990-шы жылдарда Назарбаевтың алдында да екі түрлі жол тұрды: халыққа қызмет ету немесе отбасы мен дос-жарандарын, туыстарын байыту. Өкінішке орай, ол екінші жолды, яғни отбасы мен достарына қызмет етуді таңдады. Ал бұл таңдаудың Қазақстан халқына, Назарбаевтың отбасы мен туыстарына қалай әсерін тигізгенін бүгін көріп отырмыз. Жерінің асты мен үсті толы байлық, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын, халқының саны 19 миллиондай ғана қазақ елі отыз жылда дүние жүзіндегі ең бай-бақуатты елдердің біріне айналуы тиіс еді. Жалғыз мұнайдан басқа түгі жоқ, жері құм Біріккен араб әмірлігі, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттердің қазіргі жағдайы осыны анық дәлелдейді. Бірақ отыз жылда қазақстандықтар байымады, керісінше банктерге қарызға батып, елді жұмыссыздық пен кедейшілік жайлады. Бұрынғы өркендеген кеңшарлар тарап, ауыл қаңырап қалды. Ауыл тұрғындары күнкөрістік нәпақа табамыз деген үмітпен қалаларға ағылды. Кешегі Алматыдағы наразылыққа шығып, дүкен тонаған жастардың көбі сол ауылдардан келген жұмыссыздар екені белгілі болып отыр.

Ал халық осылайша кедейленіп, кредитке байланып жатқанда Назарбаев пен оның төңірегіндегілер байыған үстіне байып, шетелдерден хан сарайындай сәулетті қымбат үйлер, яхталар сатып алып, тоқалдары мен ашыналарына бағасы бас айналдырар қымбат әшекейлер сыйлап, ойларына келгенді жасап жатты. Бұның бәрі қарапайым халықтың көз алдында жасалғандықтан, бұл жұрттың ашу-ызасын туғызды. Ол ашу-ыза әлсін-әлсін наразылық шерулері түрінде әржерден бой көрсетіп жүрді. Қаңтар қасіреті бір күнде бола салған жай емес, ұзақ жылдар бойы халықтың ішіне жиналған назарбаев билігіне деген өкпе-реніш, ашу-ызаның жемісі еді.

Жалпы, тарихқа назар аударып қарайтын болсақ, диктаторлардың өмірлерін бақытты өткізгенін көре алмаймыз. Румынияны ұзақ жылдар басқарған Николай Чаушескуді ашынған халық атып өлтірді, Индонезияның патшасындай болған, байлығын сорып алған Сухартоны биліктен қуып шығып, сотқа тартып, байлығын түгел тартып алды, өзін Египеттің құдайындай санаған, халықтың 90 пайыз дауысымен сайланған Хосни Мүбаракты ашынған жұрт тақтан тайдырып, сексеннен асқан жасына қарамай түрмеге тықты, Ливияның жарымқұдайы Муаммар Қаддафиді атып өлтірген адамдар оның мүрдесінің жанында қуаныштан асыр салып биледі…

Өкінішке орай, тарих әлсін-әлсін алдымызға тартып, көзге шыққан сүйелдей көрсетіп отырған халыққа емес, қарақан басына, отбасына қызмет еткен диктаторлардың аянышты тағдырынан бірақ басқа саясаткерлер сабақ алмайтын сияқты. Бір ғұламаның айтқан мынадай сөзі бар: «тағдыр зерделі адамды жетелейді, зердесіз адамды тақымға басып сүйрейді». Сол сияқты зерделі адам өзгелердің қателігінен сабақ алып, ондай қателікті жасамауға тырысса, зердесіз пенде айналасында болып жатқан оқиаларға назар аудармай, басқалар жасаған қателікті айна қатесіз қайталып, тағдырдан сыбағасын алып жатады.

Назарбаевқа тағдыр бір емес, талай мәрте мүмкіндік берді. Жасыратыны жоқ, ол еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, шекараларымызды бекітті, елорданы Астанаға көшіріп, сәулетті шаһарға айналдырды, тағы да басқа біраз еңбектері бар. Содан болар, халық Назарбаевты құдайдай сыйлады, құрмет тұтты. Егер ол 2000-шы жылдардың басында, тіпті 2010-шы жылдарда қызметінен өз еркімен кеткенде, халықтың алдындағы абыройы асқақ болып қалар еді. Ең соңғы рет мұндай мүмкіндікті оған тағдыр 2019 жылы берген еді. Наурыз айында қызметінен кететінін, орнына сол тұстағы Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевты тағайындайтынын айтқанда, қарапайым халықтың оған деген құрметі мен сенімі арта түскендей болған еді. Әлеуметтік желілерде түрлі оппозициялық пікірлер айтып жүретін журналист-блогер Дина Елгезектің осы жайға байланысты жазғанын оқып, басқаларды былай қойғанда, оппозицияда жүргендер арасында да Елбасын сыйлайтындар бар екенін сезінгендей болып едім. Сол тұста депутат Бекболат Тілеуханның «бір дәуреннің өткенін көріп жыладым» дегені, Азат Перуашевтің көзіне жас алып жылағанын ешкім сөккен жоқ.

Бірақ… Келесі күні Президенттің жарлығымен Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенін, барлық облыс орталықтарының орталық көшелері Назарбаевтың атымен аталатынын, оның Нұр-Отан партиясын, Қауіпсіздік кеңесін басқарып қалатынын естігенде халықтың оған деген кешегі сенімі мен құрметі ізім-қайым жоқ болды. Міне, сол кезден бастап наразылық шерулеріне шыққандардың «Шал кет» деген ұраны жиі естіле бастады. Назарбаевтың түрлі жиындарда сөйлеген сөздері халықтың ашу-ызасын туғызып, оны әлеуметтік желілерде мазаққа айналдыратындар шықты. Содан болар, ол енді халық алдына шығып сөйлеуден қалды.

…1999 жылдың 31 желтоқсанында кешкі сағат 10-да сол тұстағы Ресейджің президенті Борис Ельцин ел күтпеген мәлімдеге жасаған еді. Өкілеттігінің тоқтауына әлі бір жылдай уақыты бола тұра, ол қызметінен кететінін, кемшіліктері болса халықтан кешірім сұрайтынын айтып, орнына лайықты үміткер ретінде Путинді атады. Ельцин кеңестік дәуірде, одан кейінгі өтпелі кезеңде ТМД елдері ішінде қызметінен өз еркімен кеткен жалғыз басшы болды.

Егер КСРО тарихына ой жүгіртіп қарайтын болсақ, ел басшылары қызметтен екі түрлі жағдайда кететінін бағамдауға болады: не өліп, аяғын алдына қаратып табытпен алып шығады, болмаса желкелеп қуып шығады. Сталин, Брежнев, Андропов, Черненконы аяқтарын алдына қаратып, табытпен алып шықты, ал Хрушев пен Горбачевті желкелеп қуып шықты.

Иә, басшы қызметінен өз еркімен қиып кету үшін де адамда үлкен ерік-жігер, азаматтық қасиет болуы шарт. Өкінішке орай, екінің бірінің бойынан мұндай қасиет табыла бермейді. Қызметінен өз еркімен кеткен Ельцин еш ұтылған жоқ, ел алдындағы абырой-беделін сақтады, орнына лайықты адам қалдырып, демі таусылғанша тыныш ғұмыр кешті.

Егер де, Назарбаев 2019 жылғы наурызда бар өкілеттігін Тоқаевқа тапсырып кеткенде абырой-беделін жоғалтпас еді-ау деген ойға қаласың. Қаңтар қасіреті атанған еліміздің жартсынан астам өңірлерінде болған наразылық шерулері кезінде жұрттың басты ұраны «Шал кет» болғанын естідік. Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткішін қыл арқан салып құлатқаны халықтың алдындағы Елбасының беделінің бес тиындық деңгейге дейін құлдырағанын көрсетті. Өкінішті…

Қазір мына нәрсе айқын: Назарбаев дәуірі бітті. Интернетте жарияланған ресми емес деректерге қарағанда, Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев Біріккен араб әмірлігіне кеткен. Оның үлкен қызы Дариға мен кіші қызы Әлия Назарбаевалар да осы елде. Еліміздегі майлы жіліктің басы сияқты тұтқалы орындарда отырған Назарбаевтың үш күйеу баласының үшеуі де қызметтерінен кетті. Ал Назарабевтың өзі қайда жүргені белгісіз. Оны соңғы рет өткен жылдың 28 желтоқсанында Мәскеуде болған жиында көрсетті. Бұрынғы көздерінен от шашып тұратын ширақ Елбасының орнында аяғын әзер алып жүрген кәужіреген шалды көрдік. Лукашенко қолтығынан демеп, машинаға көтергендей етіп отырғызды. Содан бері ол ел көзіне көрінбеді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев журналиске берген сұхбатында Елбасын қаңтардың қиын күндерінде ел алдына шығып сөйлейді деп күткен едік деді. Иә, көп адамдар Елбасы теледидар арқылы халыққа мәлімдеме жасар деп үміттенген, бірақ олай болмады. Содан болар, бүгінде әлеуметтік желілерде Елбасы Араб әмірлігінде немесе Қытайда емделіп жатыр екен деген алып-қашты сөздер айтылуда. Тіпті, Жириновтскии «Назарбаев өліп қалған, оны әлдеқашан көміп тастаған» деп соғып жіберді. Назарбаев қазір қайда? Ол белгісіз.

Отыз жыл елді басқарған Назарбаевтың есімі тарихта жемқорлық жайлаған кедей ел Сингапурды әлемдегі ең бақуатты мемлекеттердің біріне айналдырған Ли Куан Ю, ортағасырлық тұйық қоғамда қалып қойған Түркияны батыстық өркениет көшіне қосқан Ататүрік сияқты көшбасшылардың қатарында алтын әріппен жазылып қалар деген үміт өкінішке орай ақталмады.

Өткен жылы неміс халқы он жылдай елді басқарған Ангела Меркелді бес минут бойы түрегеп тұрып қол шапалақтап құрмет көрсетіп, қимай шығарып салды. Ал төрт жыл әлемдегі ең алып мемлекет – АҚШ-ты басқарған Дональд Трамп жеке меншік тікұшағына чемоданын салып алып,  Ақүйден шығып ың-шыңсыз қызметінен кетті. Демократиялық құқықтық мемлекеттерде билік осылай ауысады және  бұл табиғи құбылыс болып саналады.

Диктатор билеген авторитарлық елдерде биліктің ауысуы қантөгіспен, айқай-шумен ұласып жатады. Бұл да табиғи құбылыс. Қазақстандағы билік транзиті осылай қантөгіс арқылы жүзеге асты. Бұның өзі еліміз біздер биік мінберлерден айтып жүргеніміздей, құқықтық демократиялық қоғамнан қаншалықты алыс екенін дәлелдеп бергендей болды.

Еліміз үшін аса ауыр қазіргі шақта билік тізгінін қолына алған Қасымжомарт Тоқаевтың алдында дәл бүгін екі түрлі таңдау жолы тұр: назарабевтық жүйеге, ол байытып кеткен алпауыттарға қызмет ете ме, жоқ әлде түбегейлі реформалар жасап, халыққа қызмет ете ме? Қазақстанның болашақ тағдыры да, Тоқаевтың ертеңгі тағдыры да оның бүгін осы екі жолдың қайссын таңдауына тікелей байланысты болмақ.

Ұзақ жылдар кедейшілік қамытын киіп, қиындық көрген қазақстандықтардың қазіргі арман-тілегі: Тоқаевпен өкілеттік мерзімі біткен соң Ангела Меркел сияқты қошеметтеп қол соғып қимай қоштаспаса да, Трамп сияқты чемоданын көлігіне салып, ың-шыңсыз, сыпайы қоштасып кететіндей қоғамға жетсек екен дейді. Міне, сол кезде қазақ елінде құқықтық демократиялық қоғам толық орнықты деп нық сеніммен айтуға болады.  Дәйім, Жаратқан сол күнге аман-есен жеткізсін деп тілейміз. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!..

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика