Тарихтың ащы тағлымы

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

I

Тарих өткеннен болашаққа қарай жылжитын кездейсоқ оқиғалардың тізбегі емес, оның өз заңдылықтары, қайталанып отыратын кезеңдері, ең бастысы зерделі жандарға сабақ алып, қателіктен сақтануға көмектесетін тағлымдары болады. Дегенмен де, тарихтың заңдылықтары мен тағлымдарын түсіну, оны өз кәдесіне жарату санаулы жандардың ғана еншісіне тиген игілік болса керек. Ал көп пенделер тарихтың заңдылықтарына да, тағлымдарына да еш көңіл бөлмей, өз дегенімен өмір кешіп, өзі сияқты жандардың жасаған қателіктерін айна қатесіз қайталап, өкініштен бармақтарын тістеп жатады.

Біз тілге тиек еткелі отырған екі тұлға – Индонезияны отыз жылдан астам басқарған генерал Сухарто мен Қазақстанды отыз жылдан астам уақыт ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдырларында егіз қозыдай ұқсас көп жайттар бар және оның бәрін де кездейсоқтыққа жатқыза салуға болмас. Яғни, бұл тарихи заңдылықтардың, оның ішінде Жаратқанның пенделеріне деген емеурінді белгісінің айғағы десек, артық айтқандық емес. Сонымен…

1967 жылы 46 жастағы генерал Сухарто сол тұста отставкаға кеткен Сукарноның орнына алдымен президенттің міндетін атқарушы, содан кейін халық сайлауы арқылы президент болып сайланды. Міне, осы кезеңнен бастап ол 1998 жылдың мамыр айына дейін үзіліссіз Индонезия мемлекетінің басшысы болды. 1940-шы жылдарда жапондардың отары болған Индонезия елі тәуелсіздігін алып, даму жолына енді түскен сәтте билік тізгінін қолына алған 46 жастағы генералдың кедейшілік қамытын киіп, дамыған елдерден едәуір артта қалған өз елін дамушы мемлекеттер көшіне қосып, биіктерге көтерсем, сөйтіп, тарихта атымды алтын әріппен жазып қалдырсам деген арман-мақсаттары да болған шығар, кім білсін. Дегенмен, тағдыр жолы оны мүлдем басқа қиырларға бастады. Кедей отандастарын жарылқап, бақуатты етудің орнына, ол өз отбасын әлемдегі ең бай адамдар санатына қосып, елдегі белең алған жемқорлықты ауыздықтайды деген халық үмітін аяқ асты етті және керісінше өзі ең бірінші жемқорға айналды.

1970 жылы Индонезияда жастар арасында сол тұста елде жаппай белең ала бастаған жемқорлықты тыюды талап еткен үлкен шерулер орын алды. Бірақ та, президент халық тілегіне құлақ аспай, күштік құрылымдардың күшімен бейбіт шерулерді басып тастады. Бұдан кейін де әр жылдарда түрлі себептерге орай халық наразылықтары болып тұрды, бірақ оның бәрін тегеурінді генерал күшпен тұншықтырып, халық үнін шығармады. Осылайша елде диктаторлық режим берік орнықты. БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың ескертпелері де Сухартоға шыбын шаққандай әсер етпеді.

1997 жылы Азия елдерінде орын алған қаржылық дағдарыс Индонезияға аса қатты соққы болып тиді. Ұлттық валютаның құнсыздануы адамдардың тұрмыс жағдайларын қатты түсіріп жіберді. Онсыз да күндерін әрең көріп жүрген индонезиялықтар осыған байланысты жаппай шеруге шықты. Халық наразылығын күшпен басуға үйренген генерал тағы да ескі әдіске басып, күштік құрылымдарды жұмылдырды. Бейбіт шеруді күшпен тарату кезінде төрт адам мерт болып, біраз адам жарақат алды. Бұның өзі отқа май құйғандай болған еді. Ашынған адамдар көшеге шығып, жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Полициямен халықтың арасындағы қақтығыста мыңнан астам адам мерт болды. Оның ішінде полицейлер де, қарапайым халық өкілдері де бар еді. Халық наразылығы әбден шарықтау шегіне жетті. Бүкіл Индонезия сол тұста көшеге шығып, өз құқықтарын талап етті.

1998 жылдың наурыз айында кезекті президент сайлауында жеңіске жетіп, таққа отырған Сухарто мамыр айының ортасында халықтың тегеурінімен амалсыз қызметтен кетуге мәжбүр болды. Бірақ ол жәй кеткен жоқ, өзінің орнына вице президент қызметін атқарып жүрген өз адамы Бухаруддин Юсуф Хабибті тағайындап кетті. 31 жыл мемлекетті басқарған диктатор осылайша өз адамын қою арқылы жанама түрде әлі де басшылықты сақтағысы келген еді. Дегенмен, арада бір жыл өтпей жатып, 1999 жылы халықтың қысымымен Хабиб те орынтағынан айрылды. Осылайша Сухартоның дәуірі өтіп, биліктен толық аулақтатылды.

2000 жылы Сухартоның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қайрымдылық қорының ақшасын жымқырды деген айыппен сот басталды. Отыз жылдан астам Индонезияның жарымқұдайы болған Сухарто үшін  қарапайым азамат ретінде сотқа барып, қылмыстық ісі үшін жауап беру үлкен қорлық болған еді. Бұл оның денсаулығына күрт әсерін тигізіп, сексенге таяған диктатордың жүрегі сыр берді. Инсульт алып, аурухана төсегіне таңылған диктатордың соты кейінге шегерілді. Оның сол тұстағы шетелге шығарған капиталы 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде деген ресми мәлімет бар. Кедей мемлекеттің бай басшысының жымқырған қазына қаржысын кері қайтару әрекеті бірақ тоқтамады. Бұдан кейін де диктатордың үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі рет сот процесі басталды. Дегенмен, қайта-қайта инсульт алып, денсаулығы қатты нашарлап кеткен сексеннен асқан экс президентті соттаудың сәті түспеді. Аурухана төсегіне тұрмастай болып таңылған диктатор 2008 жылдың басында мәңгілік мекенге аттанды.

Индонезия елін отыз жылдан астам басқарған бұрынғы президенттің есімін ел есінде сақатйтын Джакарта қаласындағы шағын мұражайдан басқа ештеңе жоқ. Сингапур сияқты жер асты байлығы жоқ бұрынғы отар кедей елді әлемдегі ең бақуатты мемлекеттердің біріне айналдырған Ли Каун Ю секілді тарихта атын мәңгіге қалдыруға Сухартоның да мол мүмкіндігі болған еді. Бірақ та, ол халыққа емес, қара басына қызмет еткендіктен, бәрі де басқаша болып шықты. Оның есімі халықты езіп-жаншыған, жемқорлыққа жол ашқан, азаттықты талап еткен адамдарды оққа байлап, қолын қанға былғаған қанішер диктатор ретінде тарихта қара әріппен жазылып қалды.  

2008 жылы қайтыс болған Сухартоның есімі тарих сахнасынан мәңгіге алыстап кетсе, Индонезия президентінің өмір жолын айна қатесіз қайталаған Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы әлі жалғасуда. Дегенмен, мына нәрсе анық: Назарбаев та Сухарто сияқты тарихта қандықол диктатор ретінде жұрт есінде сақталып қалатын болады.

Екі диктаторды байланыстырып тұрған ұқсастықтарға толығырақ тоқтала кетейік. Ең алдымен, Сухарто да, Назарбаев та елді үзіліссіз 30 жылдан астам уақыт басқарды. Әрине, қазіргі заманғы демократиялық қоғам талаптарына сай, бір адамның басшы қызметте сонша уақыт отыруы заң бұзушылық   болатыны айдан анық. Дегенмен де, мансапқа байланған екі диктатор да орынтақтарын сақтап қалу үшін небір қулық пен сұмдыққа баруды ар көрмеді. Сухарто соңғы рет 1998 жылдың наурыз айында өткен сайлауда басым дауыспен жеңіске жетіп, жеті жыл мерзімге президент болып сайланды. Сол тұста оның жасы 77-де болатын.

Назарбаев 2015 жылы сәуір айында халықтың 97 пайыз дауысын алып, бес жыл мерзімге президент болып сайланды. Сол тұста оның жасы 75 жаста болған еді. Қызығы сол, халықтың басым дауысын алып сайланған Индонезия президенті арада бірнеше ай өткенде халықтың наразылығының қатты өршуінің салдарынан қызметінен кетуге мәжбүр болды. 2015 жылы сайлаушылардың 97 пайзының дауысын алған Назарбаев та халық наразылығы күн санап өрши түскен тұста, 2019 жылдың наурызында өкілеттік мерзімі бітпей тұрып қызметінен кетті. Бұл – екі диктатордың қызмет жолындағы бірінші ұқсастық.

31 жыл елді басқарған Сухарто халық қысымымен орынтағынан кетсе де, өз орнына сенімді адамын қалдыру арқылы билігін одан әрі жалғастырудан дәмелі болды. Бірақ, диктатордың бұл амалы жүзеге аспады. Ашынған халық келесі жылы ол тағайындаған Хабибті де қызметінен тайдырды. Осылайша 1999 жылы Сухарто саясат алаңынан мәңгіге кетті.

Назарбаевтың тағдыры да индонезиялық диктатордың тағдыр жолына ұқсас бағытта өріс алды. 2019 жылдың наурызында президенттік қызметінен кеттім дегенімен, Назарбаев алдын ала қабылдап қойылған заңға сәйкес, барлық күштік құрылымдардың тізгінін ұстайтын Қауіпсіздік кеңесінің мәңгі төрағасы ретінде билігін сақтап қалды. Ол осылайша өле өлгенше тақта отырамын деп үміттенді. Бірақ та, Назарбаев та Сухарто сияқты «Құдайдың еркінсіз қурайдың басы да қимылдамайды» деген қағидатты есінен шығарып алған еді. Яғни, адамның дегені емес, Алланың дегені болатынын олар  қаперлеріне алмады. 1999 жылы Сухартоның тағайындап кеткен қуыршақ президенті Хабибті халық қалай қуып шықса, 2022 жылдың қаңтарындығы қанды оқиғалар Назарбаевтың мәңгілік билігін жүзеге асырады деген Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан қол үзуге мәжбүр етті. Осылайша Сухарто да, Назарбаев та ашынған халықтың тегеурінімен қызметтерінен айрылды.

Екі диктатордың қызмет жолындағы тағы бір ұқсастық: билігін сақтап қалу үшін олардың адам қанын төгіп, діни тілмен айтқанда күнәға, пендешілік тілмен айтқанда қылмысқа баруы еді. 1998 жылғы мамыр айында болған Индонезиядағы бас көтерулер кезінде мыңнан астам адам мерт болса, қаңтар оқиғасы кезінде екі жүзден астам адам қазаға ұшырады. Қаңтар оқиғасына Мәсімов айыпты деп, бар жауапкершілікті соған артуға тырысқанмен, шын мәнінде күштік құрылымдарды басқарған Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Назарбаевтың да бұл оқиғаға қатысы барлығы айдан анық болатын. Ал 2011 жылғы ондаған адам қаза тапқан Жаңа Өзендегі қайғылы оқиға тікелей сол тұстағы Мемлекет басшысы Назарбаевтың пәрменімен жүзеге асқаны ешкімге де құпия емес.

Назарбаев пен Сухартоның арасындағы және бір ұқсастық: екі диктатордың да қызмет бабын пайдаланып, ел қазынасына қол сұғуы десе болады. Сухартоның мемлекет қазынасынан ұрлап, шетелдерге шығарған қаржысының көлемі 15 миллиард доллар болса, Назарбаевтың ақшасы 165 миллиард, ал кейбір деректер бойынша тіпті, 200 миллиард доллардан асып жығылады екен. Сухартоның шетелдегі қаржысын қайтару үшін болған соттар қарт диктатордың дімкәстігі себепті кейінге қалдырылып, ақырсында оның өліміне байланысты тоқтатылса, Назарбаевқа қатысты бұндай заң шеңберіндегі істер болашақта болу мүмкіндігі зор. Күні кеше Алматыда өткен Қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алуға арналған шарада «Бірінші президент туралы» заңның күшін жою, Назарбаевтардың елден шығарған қаржыларын қайтару туралы ұсыныстар айтылды. Халықтың саяси белсенділігінің күн санап артып келе жатқанын ескерсек, бұндай талаптар алдағы уақытта да айтылып, биліктен талап етіле беретіні сөзсіз. Халық қысымымен күндердің күнінде Назарбаевтардың, оның ішінде бұрынғы Елбасының өз үстінен қылмыстық іс ашылып жатса, оған таңғалуға болмас.

Иә, диктаторлардың өмірлерін бақытты жағдайда аяқтап, бақытты тірлік кешкен жағдайлары болмағанын тарих үнемі дәлелдеп келеді. Чаушеску мен Муаммар Каддафиді ашынған халық атып өлтірсе, Сухарто мен Хосни Мүбаракты сексеннен асқан жастарына қарамай сотқа сүйреп, азапқа салды. Саддам Хусейінді дарға асып өлтірді, Гитлер у ішіп өлді, ал Сталин төсегіне жете алмай еденде жатып, азаппен көз жұмды. Қара басы мен отбасына, туыстарына қызмет етіп, халықты есінен шығарған басшыларды халық та құрмет тұтып, естерінде сақтамайды. Диктаторлардың ешқайссы адамзат тарихында тарихи тұлға ретінде сақталған жоқ. Кеңес заманында әр қалада, үлкен елді мекендерде Ленин атындағы көшелер болатын, Ленин есімі берілген кәсіпорындар мен кеңшарлар, қалалар да жетіп артылатын және күн көсемнің ескерткіші кез-келген жерде болашаққа бағыт сілтеп тұратын. Міне, сол Ленинді бүгінгі жас ұрпақ кім екенін білмейді. Тарихтың ащы тағлымы осындай. Дегенмен де, ел басқарған саясаткерлердің осы бір айнымас ақиқатты естерінен шығарып алатыны өкінішті-ақ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика