85 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Бір ғұламаның айтқан «заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» деген сөзінің ақиқаттығын дәлелдейтін жайлар бүгінде өте көп. Бірақ өкініштісі сол, адамдардың көбі соған мүлдем дерлік көңіл аудармайды. Олар заман ағымын, оның қайда бара жатқанын, қазірден бастап уақыт талабына бейімделмесе, ертең қиындыққа тап боларын ойламайды.

Үш балық туралы хикая

Шығыс даналығын бойына сіңірген  «Кәлилә мен Димнә» деген кітапта үш балықтың басынан кешкен оқиғасы туралы мысал әңгіме бар. Үш балық бір суда өмір кешіпті дейді. Күз жақындаған сайын   бұлар тірлік кешкен су тартылып, үлкен су көзінен ажырай бастайды. Қатерді сезген ақылы көптеу балық жедел шешім қабылдап, су тартылмай тұрып үлкен су көзіне өтіп кетеді.

Күндердің күнінде су тартылып, үлкен су көзімен аралықта құрғақ жер пайда болады. Соны көрген ақылы аздау балық қатты опынып, ажалым жақындады-ау, неге ақылды балықпен бірге кетіп қалмадым деп өкінеді. Ол аздай бір күні  сол маңнан өтіп бара жатқан біреулер келіп, мына суда балық бар ғой деймін, ау салып көрсек қайтеді деп әңгіме етеді. Соны естіген әлгі балықтың зәресі одан әрі ұшады.

Әлгі кісілер біраздан кейін үйлерінен ау әкеледі. Сол сәт ақылы аздау балық қулық ойлап, құтылудың амалын жасайды. Ол өтірік өлген болып, қарнын жоғары қаратып су бетіне қалқып шығады. Соны көрген әлгі балықшылар «мына балықты қара, өліп қалған сияқты» дейді. Тағы біреуі «өліп қалған балықтың қажеті жоқ, лақтырып жібер далаға» дейді. Сол-ақ екен бір балықшы балықты ұстап алып алысқа лақтырып жібереді. Құрғаққа түскен балық шоршып секіріп жақын маңдағы үлкен суға түседі. Сөйтіп, балықшылардың қатерінен құтылады. Ал ақылсыз үшінші балық олай бір, бұлай бір жанталасып жүзіп жүргенінде балықшылар аумен ұстап алады.

Түйін: Ақалды адам заман ағымын алдын ала сезіп, соған жедел бейімделеді де, қиындықтан құтылады. Ал ақылы аздау пенде қиындық келген кезде ғана қимылдап, бірақ тапқырлығы мен амал-айласының арқасында әупірімдеп құтылып шығады. Ақылсыз адам болса, заман ағымын мүлдем түсінбей басына тауқымет түсіріп алады да, өмірі қиындықпен өтеді.

Болашағы жоқ мамандықтар

Мен отыз жылдан астам уақыт журналист болып, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда еңбек еттім. Обалы не, кеңес заманында баспасөздің қадір-қасиеті өте жоғары болды, билік оны тыңдайтын және халық та қатты құрметтейтін. Нарыққа көшкен соң баспасөздің қадірі ақырындап төмендей бастады. Ал соңғы жылдарда мүлдем дерлік түсіп кетті.

Қазіргі күні БАҚ  биліктің қолындағы жансыз қуыршақ болып қалды. Билік не айт, не жаз десе, соны ғана істейді. Өйткені, ақша беретін, асырайтын билік. Соған орай, баспасөзге халықтың сенімі азайды. Сенім аз екен, онда ешкім ондай басылымға жазылып, не сатып алып оқығысы келмейтіні түсінікті. Осыған орай, басылымдардың таралымы күрт түсіп кетті.

Күні кеше Көкшетау қалалық қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Көкшетау» және «Степнои маяк» газеттері сатуға шығарылып, оны бір қалталы кәсіпкер сатып алды. Жеке меншікке өткесін газеттің жағдайының ауырлайтыны айтпаса да белгілі. Тек пайдасын ғана ойлайтын кәсіпкер үшін газет ақша табудың  құралы ғана. Ал қазіргі нарық жағдайында жасыратыны жоқ, газеттен ақша табу мүмкін емес. Соны түсінген әлгі кәсіпкердің бір-екі жылдан соң газетті жаба салатыны айтпаса да белгілі.

Бүгінде барлық аудандық, қалалық газеттер жеке меншікке өтті. Алдағы уақытта облыстық және республикалық басылымдар да осындай жағдайға ұшырамақ. Бұның өзі егер болашаққа ақыл таразысымен байыптай қарайтын болсаң, көп ұзамай газет-жорналдар түгел жабылып, бәрі интернет ресурсқа, яғни сайт-порталдарға көшетінін бағамдайсың. Ал сайттың талабы мүлдем басқа. Оған қазіргідей кәсіби журналистің қажеті жоқ, жедел жұмысты ұйымдастыратын репортер болсаң жетіп жатыр.

Осыдан біраз жыл бұрын сол тұстағы ел президенті Н.Назарбаев өз жолдауында енді бес-он жылда қолданыстағы мамандықтардың жартысы қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан еді. Міне, сол заман қазір туып келе жатқан сияқты. Жоғалатын мамандықтардың қатарында журналист те бар.

Өзім ұзақ жылдар еңбек етіп, жемісін көрген мамандықытң қажетсіз болып қалатыны өкінішті. Десе де, заман ағымына бейімделіп, өз сайтымды, видеоканалымды ашып алған едім. Қазір міне, сайтым тәп-тәуір  табыс түсіруде. Яғни, жоғарыда айтып кеткен ғұламаның «заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» деген сөзінің ақиқаттығы осыдан көрініп тұрған жоқ па.  

"Кітап дүкенінен" сіз ағылшын тілін жедел үйрететін аудиокурсты және "Веда кітапханасы" сериясымен ақпараттық, танымдық кітаптарды алуыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы кіріп алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика