88 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Мына фәни жалғанда тірлік кешкен пенделердің басым көпшілігі, тіпті, барлығы дерлік, бақыт дегеніміз – осы дүниенің байлық, мансап, атақ-даңқ сияқты игіліктеріне қол жеткізу деп санайды. Және де, сондай игіліктерге қол жеткізгендерді бақытты деп соларға қызыға қарайды, солар сияқты болсақ деп армандайды.

Енді мынаған назар аударып, ақыл көзімен қарап көріңіз: фәни жалғанның үлкен игіліктері болып саналатын мансап, атақ, байлық дегендер адамға шын мәнінде игілік емес, жаман карма жинап, күнәға батуларына, сөйтіп екі дүниенің тауқыметіне ұшырауларына әсерін тигізіп жатады екен. Енді осы мәселеге кеңірек тоқтала кетейік.

Қазіргі ақша билеген нарық заманында ең басты игілік – ақша, яғни байлық  деп есептеледі. Шынында да, қазір ақшаға көп нәрсені сатып алуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Ақшаға үй, автокөлік, ұшақ сияқты қымбат мүліктерді ғана емес, нәпсіңізді қанағаттандыруға қажетті жезөкше қыздарды, жеккөретін адамыңызды өлтіретін киллер деген қылмыскерлерді, өзіңізді қорғайтын оққағарларды, тіпті сіздің мүддеңізге қызмет ететін жемқор шенеуніктерді де сатып алуға болады. Бүгінге егде жастағы байлардың бәрінің дерлік жас тоқалдары, яғни ашыналары бар.

Ақшаның осындай мүмкіндіктерінен болар, оған құдайдай табынатындар көбейді. Есі-дерті ақша табу болып, күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып жанталасқан адамдарды қай-қайссымыз да көріп жүреміз. Сондайлардың бірнешеуін жақсы танимын. Жеке меншік баспаханасы бар бақуатты бір кісі отбасымен сол баспахана ғимаратының бір  бүйірінен салынған үйде тұрады. Оның үйіне баспахана қоршауы арқылы ғана кіруге болады, ал ауызда отырған күзетші бейсауат адамды баспахана маңына жуытпайды. Ол туған туыстарымен де, таныстарымен де мүлдем дерлік араласпайды. Немерелерінің өзін көшеге шығармай, аулада ғана қыдыртады. Жыл он екі ай баспаханасынан шықпайтын ол шетелдерге барып немесе шипажайларда демалғанын көрген де, естіген де емеспін. Бар өмірі үйі мен баспахана арасында өтіп жатқан оның бір пендеге қайрымдылық жасап, көмектескенін де естімеппін. Қарақан басы мен отбасы үшін ғана өмір кешкен оның жасы қазір жетпістен асып барады. Ертең ажал келгенде жиған-терген мүлкі мен ақшасының бәрі қалатыны анық. Бақиға пенде екі ғана нәрсені алып кетеді екен: 1-сі – осы дүниеде жасаған сауапты істері; 2-сі – фәни жалғанда жасаған күналары.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Байлар жұмаққа иненің көзінен түйе өткен заманда енеді». Иненің жіңішке жіптің өзі әзер өтетін көзінен түйе ешқашан да өте алмайтыны дау туғызбас шындық. Бұл аяттың астарында «БАЙЛАР ЕШҚАШАН ЖҰМАҚҚА КІРМЕЙДІ» деген ұғым жатқаны белгілі.

Қазір бай-бақуатты адамдардың 99 пайызы қайрымдылық дегенді мүлдем ескермей, қарақан бастары мен отбасылары үшін ғана өмір кешуде. Көкшетауда жыл сайын бірнеше миллиард теңге табыс табатын үлкен компанияның жылдық есебінде қайрымдылыққа небары 1,8 миллион теңге жұмсағанын оқып, қайран қалдым. Оның өзі Қарттар күнінде кәсіпорында еңбек еткен ардагерлерді шақырып дастархан жайып, бес мың теңгеден үлестірген жалғыз шарамен шектелген екен. Міне, байлардың қайрымдылығының сыйқы осындай. Рас, биліктің мәжбүрлеуімен спорт, мәдениет салаларына демеушілік жасап, бұны өздерінше қайрымдылық деп атайтындар бар. Шындығында, бұның қайрымдылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды ғой.

Мансап – адамдардың 99,9 пайызын бұзады десек, шындықтан алыс кетпеспіз. Өз басым, сәл-пәл қызметі өсіп, қолына азын-аулақ билік тиген соң-ақ мінез-құлықтары күрт өзгерген көп адамдарды көрдім. Кішіпейіл ақжарқын бір танысым қолына билік тиген соң әзер амандасатын болды. Ол қарамағында қызмет еткен бұрын досжар болған бір жігітті төрт сағат жұмыстан кешіккені үшін статиямен жұмыстан шығарып, әлгі жігіт сотқа шағымданып жеңіп шықты. Сот оның жұмыс істемеген кезі үшін жалақысын төлеп, жұмысқа қайта алуды міндеттеп шешім шығарды. Бірақ әлгі жігіт ақашсын алғанымен, жұмысқа қайта келмеді және бұрынғы досымен көрместей болып мәңгіге айрылысты. Ал жыл сайын сотталып жататын жемқорлардың бәрі қолдарында билігі бар мансап иелері.

Атақ-даңқ дегенді де адамдардың  99 пайызы көтере алмай, көздеріне шел бітіп жүз ұялар жаман нәрселер жасап жатады. Қайрат Нұртас деген әншінің ата-анасы «баламыз түскі асты 200 мың теңгеге мейрамханаға барып ішеді» деп мақтанып, әлеуметтік желіге жазды. Ал Мейрамбек Беспаев деген әнші-жұлдыз «біз кедей-кепшікке көмектесуге міндетті емеспіз» деп жарияға жар салды. Атақты әнші, ақын, жазушылардың арасында зинақорлық, жалған сөйлеу, жағымпаздық сияқты жаман әдеттер жиі кездесіп жатады.   Атағын пайдаланып, халықтың мүддесі үшін шындықты айтып, қарапайым жұрттың сөзін сөйлейтін, соларға жанашырлық жасап, қызмет ететіндері ілуде біреу ғана.

Жалпы, мына фәнидің барша игіліктері егер зер салып ақыл көзімен қарайтын болсаңыз, адамға ешқандай да жақсылық әкелмейді, керісінше, пенденің тәкаппарлығы мен мақтаншақтығын, сараңдығын, нәпсіқұмарлығын арттырып, күнаға белшеден батуға итермелеп жатады. Ондайды қай-қайссымыз да өмірден үнемі көріп, куәсі болып жүреміз. Мемлекеттің ақшасын жымқырып байыған бір алпауыт шетелде тұратын ашынасын ұстауға жыл сайын 300 миллион доллар жұмсайтыны әлеуметтік желілерде жазылды. Ашыналарына миллиондаған доллар тұратын қымбат әшекейлер алып берумен аты шыққан тағы бір алпауыттың кезекті бір ажырасқан ашынасының шетелдік ауционға аса қымбат әшекейді шығарғаны жайында БАҚ айтып, жазды.

Осылайша, бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Яғни, фәни дүниенің байлық, мансап, атақ-даңқ сияқты игіліктерінің бәрі Алланың пендеге берген сынағы болса керек. Дегенмен, сол сынақтан адамдардың 99 пайызы өте алмай, сүрініп, жәй сүрініп қоймай мойын омыртқаларын үзіп алып жатады. Яғни, сол игіліктерге малданып айналасындағыларға жеккөрінішті болады, көп жандарды ренжітеді, ақырсында күнаға белшеден батып ТОЗАҚТЫҢ ОТЫНЫНА АЙНАЛАДЫ. Ендеше осындай ахуалға ұрындыратын фәни жалғанның игіліктерін бақыт деп санауға бола ма?!.

"Кітап дүкенінен" сіз ағылшын тілін жедел үйрететін аудиокурсты және "Веда кітапханасы" сериясымен ақпараттық, танымдық кітаптарды алуыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы кіріп алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика