Жұқпалы дерттің беті қайтар емес

Сонымен, биылғы жылдың наурызының ортасынан басталған төтенше жағдай мамырдың ортасында тоқтағанмен, одан кейін күшейтілген карантин шарасымен әлі күнге дейін жалғасып келеді. Және бұл шектеулер қанша уақытқа созылатынын ешкім де дәл басып айта алмай отыр. Әсіресе, өз күндерін өздері көріп, бюджетке салық түрінде ақша құйып отырған шағын және орта бизнес өкілдеріне жарты жылдан асқан шектеу шараларының тигізген кері әсерін айтып жеткізу қиын.

Көтере алмайтын шоқпарды қарыңа байлама

Халықта «көтере алмайтын шоқпарды қарыңа байлама» деген сөз бар. Оның мәні: ой-өрең мен қабылет қарымың жетпейтін шаруаны қолыңа алма дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, қазіргі Қазақстан үкіметі көтере алмайтын дәу шоқпарды қарына байлап, соның салмағымен омақаса құлап, орнынан тұра алмай жатқан кембағылға ұқсайды.

Әлемнің біраз елдері жұқпалы дертпен өз ақыл-ойларымен, қабылет-қарымдарымен күресіп, жәй күресіп қоймай дертті ауыздықтап, жағдайды тұрақтандыра алды. Мәселен, осы жұқпа шыққан қытай елі біздегі сияқты қатерлі дерт шықты деп барша елде төтенше жағдай енгізген жоқ. Ауру шыққан Ухан провинциясын ғана оқшаулап, қатаң шаралар қолданудың арқасында небары бір айда ауруды толық ауыздықтады.

Ал Сингапур мемлекеті 20 күндік қатаң оқшаулау шарасын енгізудің арқасында жұқпаны толық жойды. Төтенше жағдай енгізбеген, карантин жарияламаған Белорусь пен Швеция да үш-төрт айда ауруды толық ауыздықтап, жұқпаның таралуына жол бермеді. Ал біздегі жағдай қалай?

Наурыз айының 17-де енгізілген төтенше жағдайдан мамырдың 12-де шыққанымызбен, аурудың беті қайтпағандықтан әр өңірде карантин шараларын сақтай отырып, маусымның ортасында аурудың таралуы шектен асып, ауруханада орын болмай, жедел жәрдем жетпей, дәрі-дәрмек жоғалып қиындық туған кезде бүкіл ел қайта карантинге көшті. Бұл карантин әлі күнге жалғасып келеді және аурудан өлгендер қатары күн санап өсе түсуде.

Бұл жай нені көрсетеді? Үкіметтің дәрменсіздігін, нақты жоспар бойынша жұмыс жасамай отырғандығын,  құзырлы органдарда өз жұмысын жақсы білетін білікті кәсіби мамандардың жоқтығын, белең алған жемқорлықты көрсетеді. Осындай келеңсіздіктерге жол берген құзырлы орган өкілдерінің бір де бірінің жазаланбауы, жауапкершілік арқаламауы – олардан сұраныстың мүлдем жоқтығын, билік жүйесіндегі жүйесіздікті айғақтайды. Яғни, жоғарыда айтқанымыздай, билік көтере алмайтын ауыр шоқпардың салмағына жаншылып, соның астында дәрменсіз күй кешіп пұшайман жағдайда жатыр. Бұндай билік халықты құтқармақ түгілі, қарақан бастарын аман сақтап қалуы екіталай.

Не істеу керек?

Үкіметте басында аздап миы бар, өзге елдерде, айналада не болып жатқанын түйсіне алатын бірер пенде болса, қазіргі жағдайдың ықпалымен жел айдаған қаңбаққа ұқсап ойсыз құрдымға құлай бермей, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Белорусь, Швеция сияқты елдердің тәжірибесіне ден қойып, нақты жоспар жасап, сол бойынша әрекет етуге талпынулары қажет.

Оу, жоғарыда аталған елдер еш қиындықсыз ауруды жеңді ғой, осы көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған жағдайдан үйрену үшін қанша ми, ақыл болуы тиіс. Дайын тәжірибені ал да, соны жүзеге асыр. Әлде үкіметте отырғандардың бәрі ақылдан алжасқандар ма?

Қазір билік өлген адамдардың санын қанша жасырып, бүркемелесе де, оны жұрт өте жақсы біледі. Өзім танитын көп адамдар, қарт емес жас адамдар осы дерттен кетіп жатыр. Бір кластас жігіттің ағасы, қарындасы мен інісі айналдырған бір аптаның ішінде қайтыс болды. Ал халыққа танымал тұлғалардың қайтыс болып жатқандары қаншама. Күнде әлеуметтік желіде көңіл айтулар мен жанжоқтаулар қаптап кетті. Яғни, дерт әбден белең алып, мүлдем бойбермейтін деңгейге жетті деген сөз. Оны жауырды жаба тоқып, «барша әлемде ауру өршіп барады, карантин күшейтілуде» деген сияқты жұбатулармен көңілімізді алдарқату арқылы тоқтату мүмкін емес. Нақты шара қажет. Ондай шараны жасауға қауқарың жетпей ме, онда орынды босат. Өкінішке орай, біздегі бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар «не рыба, не мясо», қазақша айтқанда «не ол емес, не бұл емес» болып тұр. Қазір ешкім ешнәрсе демес, бірақ бүгінгі үкіметтің қателігіне болашақ тарих өзінің нақты және шынайы бағасын беретін болады. Ол баға бүгінгілерге еш ұнамайтындай өте ауыр болатыны анық.

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика