2 133 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

ақиқатАдам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап оған көптеген жауапкершіліктер жүктеледі. Ата-анасының алдындағы, туыс-бауырларының, ауылдастарының, жора-жолдастарының, туған елінің, ақырсында жалпы адамзат қоғамының алдындағы жауапкершілік болады. Оны біз қалаймыз ба, жоқ па, мойындаймыз ба, мойындамаймыз ба, оған қарамайды. Әр пенденің мойнына жүктелген жауапкершіліктері өле-өлгенше сақталады.

Байзақованың кінәсі неде?

Еліміз тәуелсіздігін атап өтіп жатқан қасиетті кеште Айжан Байзақова деген әлеуметтік желі блогері түнгі клубта 50 мың теңге ақша үшін қазақ қызын анадан туғандай тырдай жалаңаш шешіндіргені жайында әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылды. Көп адамдар жасы жиырмадан жаңа асқан, өзін әлеуметтік желілерде «секс жұлдыз» сияқты ұстап, жартылай жалаңаштанып неше түрлі анайы әрекеттер жасауымен әйгілі болған бойжеткеннің бұл әрекетін кіналаса, оны жақтап, ақтап жатқандар да бар.

Байзақованың туған апасымын деген бір келіншек фейсбукте бұл оның өз жеке өмірі, оған ешкімнің қол сұғуына болмайды деген мазмұнда пікір жазды. Иә, еліміздің Ата заңында көрсетілгендей, әр адамның жеке басы бостандығы мен құқықтары бар және оған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Байзақова өз үйінде, ел көзінен аулақта қандай анайы, арсыз қылықтар жасаса да өзі біледі. Оған ешкім тиым сала алмайды. Десе де, әңгіме бұл арада оның жалғыз өз басына қатысты болып отырған жоқ.

Айжан Байзақова анайы жыныс жақындығын насихаттайтын әрекеттерін видеоға түсіріп, соны әлеуметтік желілер арқалы қалың жұртшылыққа таратуда. Бұл енді оның «жеке басының шаруасы» емес. Мыңдаған адам көретін әлеуметтік желіге таралған осындай әрекеттің басқаларға, ең алдымен психикасы әлі толық қалыптаспаған жас қыздарға үлкен теріс әсерінің болатынын кез-келген психолог айтып бере алады. Яғни, Байзақованың теріс қылығы өз басымен ғана шектелмей, әлеуметтік желілер арқылы тамам жұртқа тарап, теріс ықпалын тигізуде. Оның ең басты кінәсі де осында.

Жауапкершілікті сезінбейтін адам өзіне де, өзгеге де залалын тигізеді

Жоғарыда айтқанымыздай, әр адамның дүние есігін ашқан кезден бастап өлгенге дейінгі аралықтағы өмірінде көптеген жауапкершіліктері болады. Солардың тым болмағанда біреуін дұрыс түсінбей, оны бұзудың сол пенденің өзіне де, айналасындағы өзгелерге де үлкен залалы тимек.

Мәселен, сіз жақсы мамансыз, іскер басшысыз, белсенді қоғам қайраткерісіз. Қоғамда, ел алдында сіздің өз орныңыз, абырой-беделіңіз бар. Бірақ сіз отбасыңыздағы жауапкершілікті сезінбей, әйел-балаңызды тастап, жас қызға үйленіп кетсеңіз, бұның ең алдымен, түптің түбінде өзіңізге, тастап кеткен әйел-балаларыңызға теріс әсері болатыны анық. Одан қалды сіз осы әрекетіңіз арқылы өзіңізді үлгі тұтып, құрметтейтін жастарға теріс үлгі көрсетіп, олардың да сондай жаман әрекет жасауына ерікті, еріксіз болсын әсер етесіз.

Кеңес заманында құдайсыздық, дінсіздік түсінік мемлекеттің басты идеологиясы болды және темекі тарту, арақ ішу «өркениеттіліктің» белгісі саналды. Міне, соның әсерінен бүтіндей бір ұрпақ дінсіздікті саналарына сіңіріп, арақ ішіп, темекі тартып азғындыққа құлдырады. Осы күнге дейін көбіміз жаңа жыл қарсаңында қызыға тамашалайтын Эльдар Рязанов түсірген «Ироня судьбы или с легким паром» фильмі арақ ішіп, мас болып жүріп те бақытыңды табуға болады дегенді насихаттайды. Содан үлгі алып, жаңа жыл кешінде моншаға барып, арақты сылқия ішетіндер қазір де жетерлік. Міне, теріс үлгінің әсері. Жоғарыдағы айтқан Байзақованың видеоларын көріп жүрген бойжеткендердің арасында да сол сияқты «секс жұлдыз» болуды армандайтындар жоқ деп айтуға болмас.

Жауапкершілікті сезіну адамға не береді?

Адам өзінің көптеген жауапкершіліктерін: ата-анасы, туған туыстары, дос-жарандары мен көршілері, бірге еңбек ететін әріптестері, Отаны, туған жері, жалпы қоғам алдындағы жауапкершіліктерін үнемі сезініп, сол жауапкерішілік жүктеген талаптар биігінен көрінуге талпынып жүрсе, ол адам ешқашан ешкімге залалын тигізбейді. Сондықтан ондай адам әрдайым айналасындағыларға сүйкімді болады. Ведалық ілім түсінігінде: егер адам өзінің дхармасын, яғни жауапкершіліктерін өле өлгенше толыққанды сезініп, сақтайтын болса, ол адам тіпті, құдайсыз, дінсіз атейс болса да, жұмақтың төрінен орын алады дейді.

Өзін өзі жетілдіру ғылымының білгірі американдық Брайан Трейси табысқа жетудің ең басты шарты: жауапкершілікті мойынға алудан қашпау деп түсіндіреді. Жоғарыдағы айтқан Байзақова деген бойжеткен қоғам, ел, өз ұлтының алдындағы жауапкершілікті сезінген болса, ешқашан мұндай әрекетке бармас еді. Бар бәле – жауапкершілікті сезінбеуден болып тұр.

Түйін: Қалайсыз ба, қаламайсыз ба, сенесіз бе, сенбейсіз бе – әр адамның мойнына жүктелген көптеген жауапкершіліктері болады. Егер екі дүниенің де игілігіне кенеліп, бақыт ауылының тұрақты тұрғыны болғыңыз келсе, онда сол жауапкершіліктерді әрдайым сезініп, сол жауапкершілік жүктеген міндеттеріңізге адал болуға тырысыңыз. Әйтпеген жағдайда, өзіңізге де, өзгелерге де залалыңызды тигізіп, екі дүниенің де игілігінен мақұрым қаласыз. Бұл – АҚИҚАТ.

 

 

Артық салмақтан арылу, сұлу, сымбатты болып, өзіңізді әрдайым сергек сезіну, аурулардан аулақ болып, денсаулықты нығайту, халық емшілігі - осылардың бәрін сіз мына сайттан таба аласыз (сілтемені басып сайтқа кіріңіз): https://eatsdiet.ru/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика