2 064 көрілім

Қазақта «қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз кедейдің жалғыз атын сойғызады» деген мақал бар. Қанағатшыл адам екі дүниенің де игілігіне кенелмек. Өкінішке орай, бүгінде осы тамаша қасиетті бойына сіңірген адам аз.
2008-2009 жылдары орын ғалған әлемдік қаржы дағдарысының басты себебі – адамдардың еш тойымды білмейтін ашкөздігі екендігін сол тұста мүйізі қарағайдай қаржыгер-экономист ғалымдар мойындады. Осы қаржы дағдарысының салдары Батыс елдерінде әлі күнге дейцін жойылмай отыр.

Қанағатсыз адам «болдым, тойдым» деп ешқашанда айтпайды.

Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің алтын балық туралы ертегісі есіңізде ме. Ертегінің екі кейіпкері — кемпір мен шалдың бойында екі түрлі қасиет – қанағатшылдық пен ашкөздік қалыптасқан. «Не тілейсің, барлық тілегіңді орындаймын» деген алтын балықтан ештеңе сұрамай, кеңпейілдікпен босатып жіберген балықшы шал Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, бейбіт тірлік кешеді.

Бойын ашкөздік билеген кемпірі керісінше алтын балықтан астаудан бастап үй, дворяндық дәреже, княздық дәреже мен байлық сұрап, содан кейін барша әлемнің әміршісі болуды аңсайды. Ақыл-естен айрылған кемпір осылайша қанағатсыздықтың құрбаны болып, бәрінен жұрдай айрылады.

Пушкиннің ертегісі қиялдан туған, өмірден аулақ оқиға емес. Ой жіберіп қарайтын болсақ, айналамызда аталмыш ертегінің кейіпкері – ашкөз кемпір сияқты қанағатты білмейтін пенделер толып жүр. Мен тұратын Көкшетау қаласының іргесінде соңғы жылдарда бір-бірімен жарыса екі, үш, тіпті төрт қабатты сәулетті котедждер салынып жатыр. Көшедегі шет елдік қымбат көліктерден көз сүрінеді.

Яғни, халықтың тұрмысы жақсарып жатыр. Бірақ, кездескен пенделердің жүздеріне қарасаң, қабақтарынан қар жауып, жалпақ тілмен айтқанда «сіркесі су көтермей» жүреді. Алла оларға байлық, денсаулық, басқа да игіліктер берді. Бірақ соның бәріне қарамастан, алтын балық ертегісіндегі кемпір сияқты оларға қол жеткендері «аз» болып көрінетін сияқты.

Қанағатсыздық адамды уайым-қайғының тұңғиығына құлатады.

Өзіндегі барына қанғаттанбайтын пенде өзгелердің қол жеткенін көргенде қызғаныштан жарыла жаздайды. Онда бар нәрсе неге менде жоқ деген ой оның күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзады.
Қанағатсыз адамның санасы бір ғана «ала берсем» деген оймен уланған. Оның 100 мың доллар ақшасы болса, соны миллионға айналдырғысы келеді. Ал миллионға жеткесін миллиардты ойлап түн ұйқысы бұзылады. Қанағатсыз адамды қашан өкпесі өшіп, өлгенше тоқтай алмай шаба беертін құтырған қасқырмен салыстыруға болады.

Бір халық емшісі айтады, маған бір күні қымбат киінген бейтаныс келіп, ауруынан жазуымды өтінді. Ол бизнеспен айналысады екен. 500 миллион доллар капиталы бар. Ауруы сол, әлгі 500 миллионын онан әрі өсіре алмапты. Соған күйінген оның бүйрегі жұмыс істемей қалған. Емші айтады «ау, 500 миллион долар деген де көп ақша, оны өсіріп керегі не» десем, «маған ақша емес, оны өсіру арқылы алатын рахат сезімі керек, менің өміріме мән беретін де сол» дейді.
Ақшамды өсіре алмадым деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған бейшараның бүйрегі жұмыс істемей қалыпты. Қанағатсыздықтың адамға «беретін сыйы» осы.

Қанағатсыздықтан құтылудың жолы қандай?

Оның ең сенімді жолы — тәубеге келу. Дәстүрлі діндердің бәрінде тәубеге келуге үлкен мән беріледі. Оның құдіреті сол – адамның бойындағы ашкөздікті жойып, қанағатшылдық қасиеттің орнығуына ықпалын тигізеді. Тақуа, иманды адам әрдайым Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, фәни жалғанның игіліктеріне ашкөздікпен ұмтылмайды.

Жаттығу

Күнде кешкісін, ұйықтар алдында көзіңізді жұмып, бойыңызды босатыңыз және ішіңізден мынадай сөзді қайталаңыз: Тағы бір күнім өтті, ол маған жақсылық пен игілік әкелді. Ең бастысы, денім сау, қол-аяғым бүтін, жұмысым бар, тамағым тоқ, ел қатарлы тірлік кешіп жатырмын. Осының бәрі Жаратқанның берген игіліктері, сол үшін Оған алғысымды айтамын. Мен айналамдағы барша адамдарға жақсылық, денсаулық, игілік тілеймін.

Қарапайым бұл жаттығуды орындауға көп уақытыңыз кетпейді. Оның есесіне күн сайын жасап отырсаңыз, көп ұзамай ақыл-ойыңыздың өзгере бастағанын сезінбексіз. Ең бастысы, Алланың өзіңізге берген нығметтерін есіңізге алып, өзіңіздің жер басып, тірлік кешіп жүргеніңіздің өзі Жаратқанның үлкен сыйы екендігін түйісінесіз және бойыңңызда қанағатшылық сезімі орныға бастамақ.
Қанағатшылдық – Жаратқанның бізге берген ең үлкен сыйы, мұндай сезімге ие адам екі дүниенің де игілігіне кенеліп, уайым-қайғысыз, бақытты тірлік кешпек.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика