Құны кеткен құндылықтар
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Алтынды құнды ететін оның аздығы екендігі белгілі. Егер алтын көп болса, мысалы кенеттен таудағы тастың бәрі алтынға айналса, онда алтынның көк тиындық қадірі қалмас еді. Адамдар аяқ астында жатқан алтыннан ыдыс-аяқтан бастап, барлық қажетті құралдарын жасап, тіпті алтын кірпіштен әжетхана тұрғызар еді. Сол сияқты өзіміз қадір тұтатын игіліктердің бәрі егер шамадан тыс көбейіп кетсе, аз уақытта қадір-қасиетінен айрыла бастайтыны анық.
Қадірі кеткен құрметті азамат атағы
Таяуда әлеуметтік желіден белгілі бір ақынның жазбасын оқыдым. Әлгі ақын 8 ауданның құрметті азаматы екен, енді оған тағы бір аудан сондай атақ ұсыныпты. Ауданның, қаланың, облыстың құрметті азаматы деген атақтар соңғы жылдарда жаппай белең алып кетті. Ақын, жазушы, әртіс, сазгер сияқты өнер адамдары мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері түгел кем дегенде бір ауданның, болмаса үш-төрт өңірдің құрметті азаматтары. 8 ауданның құрметті азаматы атанған әлгі ақынды айтамын, сол өңірлерді өркендетуге оның қанша еңбегі сіңіпті?
Кеңес заманында да осындай атақтар болды, бірақ ол кезде мұндай атаққа ел-жұртқа танымал үлкен тұлғалар ғана ие болатын және ондай атақ өте сирек берілетін. Содан болар, оның қадір-қасиеті де жоғары еді. Қазір жалпақ тілмен айтқанда «иттің итақайы» құрметті азамат атағын алады. Екіден, үштен сондай атағы бар адамдар бар. Олардың бәрі сол аймақтарды дамытып, өркендетуге белсене атсалысып, сүбелі үлесін қосты деуге болмайды. Жасыратыны жоқ, бүгінде атақ та ақшаға сатылатын немесе тамыр-таныстықпен берілетін болды. Құрметті азамат атанғың келсе, сол өңірдің басшыларының аузын алсаң жетіп жатыр. «Бұл атақты неге бердің, мына адам сондай атаққа лайықты ма, жоқ па?» деп сұрайтын пенде жоқ. Яғни, тексеру жоқ екен, онда бұндай атақты кім көрінгенге үлестіре беруге болады.
Құрметті азамат деген аты болмаса, оған берілетін жеңілдіктер мен игіліктер жоқтың қасы. Мысалы, бір ауданның құрметті азаматы атағы берілді ме, оған қоса белгілі сомада қомақты сыйақы берілуі немесе ай сайын грант түрінде төлемақы тағайындалуы, жылына бір рет қалаған шипажайына тегін жолдама беру, емханаларда тегін емдеу, сол аймақта қоғамдық көлікте тегін жүру, т.б. түрінде игіліктер қарастырылса, осындай атақты бергіш басшылар ойланар еді. Ал қазір құрметті азамат деген атақ беру үшін құзырлы органның шешімі мен мойынға асатын көк лента және қатырма қағаздан жасалған куәлік болса жетеді. Оған көп шығын кетпейді. Яғни, шығыны аз мұндай атақтардың құны да төмен. Оны алған адам «Мен пәлен ауданның, немесе қаланың құрметті азаматымын» деп мақтанғаннан басқа ештеңе таппайды.
Мәні кеткен мерейтойлар
Кеңес заманында мерейтойлар тек атақты ақын-жазушы, ғалым, өнер адамдарына ғана лайықты шара болып саналатын. Ертеректе ақын Әбділдә Тәжібаевтың 70 жылдық мерейтойына қатысқаным бар. Жазушылар одағының мәжіліс залында өтті және бастан-аяқ телевидениеге жазып алынды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған мерейтой шарасында ақын туралы бірқатар әріптестері аздап пікір айтқаны болмаса, негізінен Әбділдә Тәжібаевтың өзі шығармашылығы туралы баяндап, өлеңдерін оқып берді. Жиналыс шарасы аяқталған соң жақын жолдас-жораларымен банкетке барған болуы керек, ал шараға қатысқан қалың көпшілік ақын туралы біраз жайды білгенімізді қанағат тұтып тарастық.
Ал бүгінде мерейтой дегенді жалпақ тілмен айтқанда ерінбегеннің бәрі — ит те, құс та жасайтын болды. 40-тан бастап 50, 60, 70 жасты былай қойып, 55, 65, 75 деген жастар да мерейтойға айналған. Мерейтойды жасау қазір бәсеке болып кетті. Мейрамхананың ат шаптырым залын алып, 100,200, тіпті 300 адам шақырып дүрілдетіп той тойлап жататындар көп. Мерейтой жасаған адамның халыққа сіңген еңбегі, ел алдындағы азды-көпті атағы болса жәрайды, қарапайым ешкімге белгісіз пенделер дүрілдетіп мерейтойларын тойлап жатады.
Бұндай тойлар әдетте былай өтеді: той иесі ұл-қыздары мен әйелін, келін, күйеу балаларын, немере-шөберелерін түгел ертіп шығып, асаба оларды толықтай жұртқа таныстырып өтеді. Содан кейін жиналған жұрт мерейтой иесін ал кеп мақтайды. Ішіп-жеген тамағын ақтау үшін барын салып ауыздарының суы құри мадақтап, содан соң мың, тіпті миллион жаса деген ағыл-тегіл ақ тілектерін айтады. Әдетте, мерейтойлардың дастарханы ағыл-тегіл мол болады. Яғни, біраз ақша кетеді. Ондай ақшасы жоқ қазақтардың көбі осындай мәселені шешудің ең оңай жолы ретінде банктен пәлен пайыз өсіммен кредит алып жатады. Содан осындай ағыл-тегіл той өткізіп, жұрттың өтірік мақтауы мен өтірік тілектерін естігені үшін пәлен жыл бойы ай сайын жалақысынан қағып кредитті төлеуге мәжбүр болады. Міне, мерейтойлардың қазаққа берер бар пайдасы осы ғана.
Тақта қою да кең тарап барады
Баяғы кеңес заманында Алматыда студент болып жүрген шағымда қаланың орталығында бірқатар үйлердің қабырғасынан сол үйде атақты адамдардың тұрғаны жөніндегі ескерткіш тақталарды көретін едім. Ұмытпасам, Күләш Байсейітова және тағы бірнеше халыққа кең танылған өнер адамдарының ескерткіш тақталары есімде қалыпты. Дегенмен, ол кезде бұндай ескерткіш тақталарды өте атақты адамдарға және қала басшылығының қатаң рұқсатымен ғана қоятын.
Бүгінде ескерткіш тақта орнатқың келсе, ақша төлеп жасатып ал да қалаған үйіңе қоя бер. Оған ешқандай тиым жоқ. Содан болар, ескерткіш тақта орнататындар саны жыл санап көбейіп барады. Таяуда орталық базардың маңындағы бір көшеден өтіп бара жатып, көп қабатты үйдің қабырғасынан біраз ескерткіш тақталарды көрдім. Бір үйге 6 бірдей ескерткіш тақта орнатылыпты. Әлгі адамдардың кім екендігіне көз жүгірттім. Халық атын да, затын да біле қоймайтын басқарма басшысы, кеңшар директоры, депутат болған біреулер екен.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, құндылық неғұрлым көп болса, соғұрлым қадірі кетеді. Ертеректе тек қана елге танылған, халыққа еңбегі сіңген атақты тұлғаларға ғана қойылатын ескерткіш тақта қазір қаладағы әрбір үйде тұрғандықтан, оның қадір-қасиеті де қалмай барады.
Не істеу керек?
Бұрын құндылық саналған дүниенің құны түсіп, құнсызданса одан кімге пайда? Әрине, одан ешкім пайда таппасы анық. Керісінше, оның біршама залалы болады. Ең алдымен, құрметті азамат атанамын, мерейтойымды жасаймын немесе өлген туысыма тақта орнатамын деп жақындары шығынға батады. Бұндай құндылықтардың шектен тыс көбейіп кетуі оның құнын түсіріп, халық ондайға тіпті, назар аудармайтын болады. Мәселен, 8 ауданның құрметті азаматы атанған ақынды басқа түгілі, сол аудандардың тұрғындары да елеп-ескермесі анық. Ал өзі тұратын үйдің қабырғасындағы қаптаған тақталарға сол үйдің тұрғындары да назар аудармайды. Бұл олар үшін үйреншікті көрініске айналады.
Оның тағы бір залалы, осындай лайықсыз адамдардың кесірінен сондай құрметке лайықты тұлғалар зардап шегеді. Өйткені, қаптаған құрметті азамат атанғандар мен мерейтойларын тойлағыштардың, ескерткіш тақта орнатқыштардың арасында нағыз тұлғалар көрінбей елеусіз қалады.
«Арқа ажары» газетінде Көкшетау қаласының бір тұрғыны ертеректе Сәкен Жүнісовке Сәтпаев пен Әуелбеков көшесінің қиылысындағы Қ.Сәтпаевқа орнатылған шағын бюстің екінші жақ қанатынан сондай орынға дәл соның көлеміндегідей бюст орнатуды ұсынып мақала жазған еді. Өкініштісі сол, оның ұсынысы ескерусіз қалды. Барша қазақ мойындаған классик жазушы Сәкен Жүнісовке Көкшетауда ескерткіш те, бюст те орнатылмады. Оның есесіне желтоқсан көтерілісі кезінде Қазақ КСР Бас прокуроры болып істеген, көтеріліске қатысқандарды жазалады деген жаман аты шыққан Елемесовтың ескерткіші бар.
Жыл өткен сайын құны кетіп бара жатқан құндылықтарымызды сақтаймыз десек, құрметті азамат атағын беру, мерейтой жасау, ескерткіш тақта орнату сияқты шараларды реттейтін ереже-шарттар қабылдау қажет. Бұны жергілікті басқару немесе өкілетті органдар өз деңгейінде шеше алады. Бір кезде мешіт имамдары қайтыс болған адамның үйінен тамақтануға болмайды және ағыл-тегіл мол дастархан жасамау керек деген бәтуә шығарып, бетімен кеткендерді біраз тыйған еді. Сол сияқты жергілікті билік пен өкілетті органдар шектен шығып бара жатқан жоғарыда аталған жайларды өз құзыреттілігі шегінде реттейтін шаралар қолданса жөн болар еді.
Мәселен, құрметті азамат атағын сол өңірге ерекше еңбегі сіңген мәдениет, өнер адамдарына немесе қоғам қайраткеріне ғана беруге болады. Бүгінгідей қалталы кәсіпкерлер мен шенеуніктерге емес. Сол сияқты мерейтой жасауда да осындай талап ескерілгені дұрыс. Қарапайым адамдарға мерейтой жасауға тиым салатын шара қажет. Ескерткіш тақтаны тек белгілі талаптарға сай келетін халыққа еңбегі сіңген тұлғаларға ғана орнатуға рұқсат етілгені жөн.
Міне, осындай шараларды жүзеге асыру арқылы ғана бүгінде құны кетіп қалған құндылықтарымызды сақтай аламыз.
Қалкөз ЖҮСІП.