Өспейтін елдің баласы, өнбейтін дауды қуады

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Жолбарыс жылы өзінің жыртқыш аңға тән адуынды мінезін анық танытқан түрі бар. Жылдың екі айы ғана өткеніне қарамастан, қаншама адамның өмірін қиған қақтығыстар орын алып үлгірді. Қаңтар айындағы еліміздегі қанды оқиға баршамызды есеңгіретіп кеткендей болып еді, енді міне, орыс әскерлерінің Украинаға баса көктеп кіруі, үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін қанды қырғындармен жалғасуда.

Қазақта «жер дауы мен жесір дауы бітпейді» деген сөз бар. Ең ауыр және ұзаққа созылатын, жүйкені жұқартып қана қоймай адамдарды, рулы елді араздастыратын да осы жер дауы. Миллиондаған өмірді жалмаған екі жаһан соғысының ең басты себебі де – жерге қатысты болғанын тарихтан жақсы білеміз. Содан болар, жер бетіндегі қанды соғыстарға жол бермеу мақсатында әлем елдері арасында жасалған заңдық шарттар ережесі бүгінгі күнге дейін қалыптасқан мемлекет шекараларын тану, оны мойындауға негізделген. Екінші жаһан соғысынан кейін қалыптасқан бұл шарт қазіргі күнге дейін сақталып, соның негізінде әлем елдерінде біршама бейбітшілік қалыптасқандай болып еді.

Рас, әредік осы әлемдік қалыптасқан шарттарды бұзуға талпынатындар болып тұрды. Мысалы, 1990 жылы диктатор Саддам Хусейн бұрын Ирактың провинциясы болған мұнайға бай Кувеит елін басып аламын деп талпынған еді. Сол тұста НАТО әскерлері алақандай Кувеитті қорғап Иракты бомбаның астына алды. «Байтал түгілі, бас қайғы болған» Саддам Хусеин бұрынғы провинцияны қайтарып алу идеясынан бас тартуына тура келді.

Израил мен Палестинаның арасындағы жерге қатысты дау өткен ғасырдан 21-ші ғасырға жалғасып, мыңдаған адамның өмірін жалмап, әлі жалғасып келеді. Осы жайлардан байқалып отырғандай, жер дауы соғыс пен қантөгіске ұласатын және ешкімге игілік әпермейтін өзекті мәселе екенін тарих үнемі көзге шұқып көрсетіп келеді.

Міне, дәл осындай жағдайда әлемде жер аумағы көлемінен ең алдыңғы орындарда тұрған Ресейдің өз жерін азсынғандай халықаралық заң талаптарының бәрін аяқ асты етіп, 2014 жылы Украинаның жері болып келген Қырым түбегін тізеге салып тартып алуы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан халықаралық шарттарды бұзудың басы болғандай еді. Ол аз десеңіз, Украинаның Донецк және Луганск облыстарында құрылған қуыршақ үкіметтер өздерін тәуелсіз республика деп жариялап, Украинаға бағынудан бас тартты. Бұл да Ресейдің Украина жерін бөлшектеп, тартып алу бағытында жасалған құйтырқы амалы болатын. Осылайша, Украинада жер дауына қатысты үлкен соғыс қаупінің ошағы қалыптасты.

Бауырлас екі ел – Украина мен Ресейдің арасындағы жер дауы қаншама келіссөз жүргізілсе де бітпей келеді. Ал биылғы жылдың ақпан айында шиеленіскен дау соғысқа ұласты. Ресей ашықтан ашық  Донбасс пен Луганскідегі орыс азаматтарын қорғаймыз деген желеумен Украинағы баса көктеп кірді. Бір кезде Гитлер де Польшаның немістер басым тұратын Судет аумағындағы қандастарымыздың мүддесін қорғаймыз деген желеумен соғысты бастағаны тарихтан мәлім. Ал ол соғыстың соңы Гитлер мен ол бастаған фашистердің масқара жеңілісімен аяқталғаны тарихтан және белгілі.

Қазіргі күні Украинада бейбіт халық зардап шегіп, баспаналарынан, басқа да бағалы мүліктерінен айрылып жатыр. Орыс ұшақтары тастаған бомбалардан, атылған снарядтардан қаза тауып жатқандар да аз емес. Соғыс басталғалы бірнеше күн ғана өтті, ал бұл соғыс екі бауырлас халықты мәңгіге айырғанын анық көріп отырмыз. Өз жерін, елін, тәуелсіздігін қорғаған украйндықтардың орыс бауырларына деген жеккөрініші мен ашу-ызасы ғаламтор арқылы таратылып жатқан видеохабарлардан анық байқалады.

Соғыс кімнің пайдасына шешіледі, кім жеңеді? Мәселе онда емес, ең басты мәселе – екі бауырлас халықтың ортасына сына қағылып, ұзақ жылдарға созылатын өшпенділік оты жағылды. Қару күші мен әскер санына сүйенген ресейліктер бәлкім Киевті, басқа да қалаларды басып алар, жеңіске де жетер, бірақ бұл соғыс оларға еш пайда әкелмесі анық. Өйткені, отансүйгіштік рухы жоғары екенін көрсеткен украйн халқы Ресейге бас иіп, бодан бола салмайтыны даусыз. Ендеше, олардың азаттық үшін соғысы одан әрі жалғасады деген сөз. Яғни, соғыс Ауғанстан, Сириядағы сияқты созылмалы, екі жақты да титықтататын ауыр соғысқа айналып кетуі мүмкін. Ол кезде қазірдің өзінде әлем елдері тарапынан ауыр сынға ұшырап, көптеген санкциялар салынған Ресейдің жағдайы ауырлаған үстіне ауырлай түсері сөзсіз.

Соғыстың алғашқы күндерінде мына жай анық болды: Путин бірнеше күннің ішінде Украинаны тізе бүктіріп, Зеленскиидің орнына өз айтқанымен жүретін қуыршақ президент сайлау арқылы Украинаға  үстемдігін сақтап қаламын деп жоспарлаған сыңайлы. Дегенмен, ол Украйн халқы тарапынан аса тегеурінді қарсылық болады деп ойламаған. Соғыстың созыла түсуі Ресей үшін тиімсіз. Орыс жауынгерлері қазір жан алып, жан беріп, Киевті алу үшін арпалысып жатыр.

Дос Көшім сияқты бірқатар саясаткерлер бұл соғыста Ресейдің жеңуі Қазақстан үшін қатерлі дегенді айтады. Соңғы жылдарда Соловьев, Никонов, Федоров, Жириновскии сияқтылардың аузынан КСРО-ны қалпына келтіру, бұрынғы орыс жерлерін қайтарып алу туралы әңгімелер жиі көтеріліп жүр. Бұның астарында Путиннің ұлы орыс империясын құру идеясының жатқаны көрініп қалады. Украинаны тізе бүктірсе, орыс қаруы қазақ жеріне кезелуі әбден мүмкін. Солтүстіктегі бес облысты біздің жер дегенді жиі айтатын орыс саясаткерлері сөзден іске көшіп, қарудың күшіне иек артуы ғажап емес. Орыстар Украинаға басып кіреді деген ешкімнің қаперіне кірмегені анық.

Сондықтан да, «бейбітшілікті сақтаймын десең, соғысқа дайындал» деген қағиданы еліміздің басшылығы ұмытпағаны жөн. Жасыратыны жоқ, жемқорлық еліміздің барлық саласын, оның ішінде қорғаныс саласын да меңдеп алғанын өткен жылғы Арыстағы және Тараздағы  қару-жарақ қоймасындағы жарылыс анық көрсетіп берді. Ертеректе қорғаныс министрлігінде миллиардтаған доллар ақшаға шетелден қажетсіз болып қалған ескі-құсқы техника сатып алып, соған байланысты үлкен дау туған еді. Қазіргі қорғаныс саласының жарақтануы қалай? Бүгінгі билік бұл мәселеге барынша жеткілікті көңіл бөлуі керек.

Сонымен бірге, түркі тілдес елдер одағының шеңберінде қорғаныс саласындағы шарттар жасауға да көңіл бөлген дұрыс болар еді. Орыстың озбырлығынан сол одақ арқылы ғана құтыла аламыз. Жалпы, орыс-украин соғысы «жау жоқ деме, жар астында» деген мақалды еске салып, сақтық шараларын жедел жасау қажеттігін көрсетіп берді.

Қалкөз ЖҮСІП.    

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика