Інжілде Иса пайғамбарға пайғамбарлық қонар алдында оның қырық күн бойы шөл далада ораза ұстап, сайтанмен күрескендігі, ібілістің оны азғырып, жер дүниені көрсетіп, оның бар байлығы мен билігін беремін, маған табын дегені, бірақ Иса пайғамбардың әзәзілдің арбауына түспей, оның ұсынысынан бас тартқаны жайында әңгіме бар. Осыған қарап, сайтан мына фәни жалғанның әміршісі ме деген ойға қаласың.
Қасиетті Құранда Алла қарғысқа ұшыраған сайтанға жерге түс, саған қиямет күніне дейін мұрсат берілді, соған дейін алдауыңа еретін күнакарларды азғырасың дегені жайында аят бар. Бұдан сайтанның қиямет қайымға дейін адамдарды азғырып, күнакарлыққа тартатыны анық аңғарылады. Әрине, адамдарды азғырып, теріс жолға түсіру үшін ібілістің қызыл тілінен басқа қолында осы әрекетін жүзеге асыруға көмектесетін біршама құралдары болуы тиіс екендігі белгілі. Ондай құралдар: ақша, байлық, арақ-шарап, зинақорлық, құмар ойындары, алдау, қылмыс, ұрлық, мансап, атақ-даңқ сияқты фәни дүниенің бес күнгі қызық-шыжықтары болатыны анық. Қазір біз айналамызға ақылмен байыптап қарасақ, адамдарды арбаудың бұл құралдарының қаншалықты мүлтіксіз жұмыс жасап жатқаныдғын көрер едік.







