Қазақта «өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар. Ертеректе сопылардың арасында тәкаппарлықтан арылып, кішіпейілді болу, өзін әрдайым Алланың құлы сезіну үшін ерікті түрде қайыршы болып, үй жағалап диуаналық ету жағдайлары кездескен. Міне, сондай қайыршылық күйге түсіп, диуана болған адамның шәкірт алып, ұстаз болуы, біреуге білім беруі жарасымсыз деген мағынада айтылған сөз бұл.
Дін ілімі адамды өзгертеді
Дін тақырыбында біраз кітаптар жазып, діни пәлсапаны зерттеп, өзімше ізденіп жүргеніме міне, жиырма жылдан асыпты. Бір кезде арақ ішіп, нәпсінің жетегіне де ергенмін, мансап, атақ, байлық деген пендешілік игіліктерге қызығып, соған еліккен жайларым аз болмаған. Дегенмен, діни пәлсапаға бой ұрып, ілім-білімге үйір болған соң-ақ жаман әдеттерден арыла бастадым.
Қазір біреу қол-аяғымды байлап аузыма арақ құймаса өздігімнен арақ ішпеймін. Зинадан да аулақпын. Мансап, атақ-даңқ, байлық деген де онша қызықтыра қомайтын болды. Бұның бәрі діни ілім арқылы келген өзгерістер екенін іштей сеземін.






