Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Әлеуметтік желілерде Каспибанкке шабуыл жасап, адамдарды кепілге алған қылмыскер туралы алыпқашты әңгімелер көп айтылып, жазылуда. Адамдарды кепілге алған қылмыскер банк кредиттерін кешіріп, тұрмысы төмен жандарға төлемақы берсін деген мазмұнда талап қойыпты. Осыған қарап, жұртшылықтың арасында оны қазақтың «Робин Гуды» деп атап, әспеттеп жатқандар бар. Шындығында солай ма?
Сұраныс болса, ұсыныс болады
Өткен жылы банктен несие алып, кепілге қойған жылжымайтын мүлкінен айрылған бір азаматтың үйді алуға келген сот орындаушыларын атып, сотталғаны есімізде. Бірнеше адамның өмірін қиған осы оқиғаға қатысты да сол кезде жұртшылықтың пікірі екіге жарылып, оны банктің тонаушылық әрекетінен зардап шеккендіктен осындай қадамға барды дегендер болған. Шет ел банктерімен салыстырғанда қазақстандық банктердің кредит өсімі пайызының тым жоғары екендігі, кепілге қойылған мүліктің бағасын төмендетіп қоятындығы, борышкерлерге басқа да қосымша төлемдер төлеуге мәжбүрлейтіні рас. Дегенмен де, таяқтың екі ұшының болатыны сияқты, бәріне банкті кінәлауға болмайды. Банк кредитінің өсім пайызының өте жоғары екендігін, басқа да төлемдер төлеуге мәжбүрлейтінін біле тұра, адамдар неге несие алады? Оларды ешкім де зорлап жатқан жоқ қой. Мәселенің мәнісі осында болып тұрған жоқ па.
Нарық талабы бойынша, сұраныс болған жерде ұсыныс та болады, яғни ақша төлеуге қабылетті және соған әзір адамдар бар екен, онда банктер кредит өсімін шарықтатып қалағанынша қоя алады. Нарық заңына сай бұған олардың еркі бар. Шет елдерде кредиттің өсім пайызы төмен, өйткені оларда азаматтар жоғары өсім пайызбен ұсынған кредитті алмайды. Сондықтан банктер амалсыз өсім пайызын төмендетуге мәжбүр.
Кеңқолтық кеңес заманында ақша санамауға үйреніп алған қазақ нарыққа көшкеннен кейін де сол үйренген әдетінен жаңылмай, бар тапқанын той-томалақ пен басқа да кәкір-шүкірге жұмсап, содан ақша жетпеген кезде кредит алуға еттері үйреніп алды. Кеңес заманында үйлену тойынан басқа той деген болмайтын, ал қазір не көп, той көп. Баласының мектепке баруынан бастап, сүндетке отыруы, мектеп бітіруі, жоғары оқу орнына түсуі сияқты оқиғалардың бәрін тоймен атап өтетін қазақ сол тойларға қыруар ақша жұмсайды. Ақша жетпегендіктен банктерден кредит алады. Бір басында үш-төрт кредиті бар отбасылары көп.
Кредитті кешіру мәселенің шешімі емес
Қарызға белшеден батқан адамдар қайта-қайта жазып, талап қойып жүріп бірнеше рет банктерден кредиттеріне рақымшылық шарасын енгізуді сұрап алды. Осыған жаман үйренген адамдар енді төлеуге шамалары жетпеген кредиттерін банктердің түгел кешіруін талап ете бастады. Әрине, бұндай шығынға белшеден батыратын қадамға банктер өлсе де бармайтыны белгілі. Осыған орай, жұртшылықтың талап етулеріне байланысты Үкімет жеке тұлғаларға арналған банкроттық туралы заң қабылдады. Заң бойынша, кредиттерін төлеуге шамасы жетпегендер банкрот деп жарияланады да, кредит төлеуден босатылады. Бірақ, енді олар банктерден кредит ала алмайды.
Кредиттерді кешіру, банкроттық шарасын енгізу, тіпті жұрттардың талабына сай кредитің қайтарым пайыздарын төмендету – бұл шаралардың ешқайссы да қарызға батқан адамдардың жағдайларын ешқашан жақсартпайды. Егер бізде де шетелдердегідей кредиттің өсім пайызы 1-3 пайыз болса, онда адамдардың жағдайы жақсарып, қарызды қайтару қабілеті артады деу жаңсақтық. Ондай жағдайда өсім пайызы төмен кредитті адамдар топырлатып алады да, ертең қайтаруға шамасы жетпеген соң тағы да банктерден рақымшылық жасауды, болмаса банкроттық шара қолдануды талап ете бастайды.
Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық білім алуына жағдай жасау. Шет елдердің азаматтары төмен пайызбен беретін кредиттердің өзін алмайды. Олар ақшаларын үнемді пайдаланып, артық ақшаларын депозиттерге салып, болмаса құнды қағаздар алып, бақуаттылыққа жетіп жатады. «Ақша есепті ұнатады» деген түсінік бар. Қаржылық білімі бар адам өзінің кірісі мен шығысын жазып, бақылап басқарып отырады. Орынсыз шығындарды азайтып, ақшаны үнемді жұмсауға үйренеді және артық ашқаларын депозиттерге салып, құнды қағаздар алып, көбейтеді. Қаржылық тәуелсіздікке, бақуаттылыққа жетудің жалғыз және сенімді тәсілі осы. Кірісі мен шығысын бақылап, басқаруды, ақшасын үнемді жұмсауды үйренбеген адам банктерге жем болып, кредит алып қарызбен өмірін өткізеді.
