1 468 көрілім

Мына фәни дүниеде кәдемізге жарайтын, бізді күнкөрістік табыспен қаматмасыз етіп, тірлігімізге қажетті нәрселерді жүзеге асыруымызға игі ықпалын тигізетін материалдық ғылымның керектігі көрініп тұрған шындық. Ал рухани ілім бізге не беретіндігін екінің бірі онша түйсіне қоймайды және оған жете мән де бермейді.
Шындығында, рухани білім, яғни дін ілімі біздің мәңгілік өмірдегі орнымызды табуымызға көмегін тигізбек. Біз ары кетсе, мына фәни жалғанда 70-80, тіпті 100 жыл жасайық, бәрібір ажалдан қашып құтыла алмаймыз. Ал ажалдан кейін біздің мәңгілік өміріміз басталады. Ол өмір қандай болмақ, онда бізді не күтіп тұруы мүмкін? Рухани ілім бізге осы маңызы зор мәселені түйсінуімізге көмектеседі.

Адамның екі түрлі табиғаты.

Мына фәни дүниені ведалық ілімде «екіұдай әлем» (двоиственный мир) деп атайды. Екіұдай болатын себебі, адамның бойында екі түрлі қуат бар: материалдық қуат және рухани қуат. Материалдық қуат көзге көрініп тұрған тәніміз және көзге көрінбейтін сезім, ақыл, зерде, түйсік сияқты нәзік тәніміз. Ал рухани қуат: көзге көрінбейтін және ешқандай материалдық құрал арқылы анықтауға болмайтын мәңгілік жан (рух).

Бір-біріне қарама-қайшы және табиғаты жағынан еш қабыспайтын осы екі қуат адамның бойында үстемдікке таласып, үнемі тартыста болады. Өзін тәнмін деп санайтын пенде материалдық қуаттың ықпалына түседі. Мая немесе жалған эго деп аталатын бұл қуаттың ықпалына түскен адам өмір дегеніміз тек осы дүние, өлген соң өмір жоғалады, сондықтан бес күнгі өмірде қызыққа белшеден батып, рахатқа кенелу қажет деген түсінікті санасына сіңіреді.

Бүгінде адамдардың басым көпшілігі осындай түсініктің ықпалында. Оның айғағы ретінде, адамдардың өлімнен кейінгі ахуалын ойламайтындығын, фәни дүниенің қызықтарына қатты көңіл бөлетіндігін, діни шарттарды қатаң сақтамайтындығын келтіруге болады.
Рухани түсінік екі дүниенің де игілігіне кенелдіреді.

Өзін мәңгілік жан деп санайтын адам, керісінше бес күнгі фәни жалғанның қызықтарына алданбай, мәңгілік жаны үшін әрекет жасайды. Ол діни шарттарды қалтқысыз таза және адал орындайды, шариғатта тиым салынғандардан, тіпті өзіне ұнап тұрса да бас тартады, парыздарын мүлтіксіз атқарады. Жүрегіне имандылықты берік орнатқан мұндай жан әдетте жақсы әрекеттерімен айналасындағыларға сүйкімді болады және сауапты істер атқарғандықтан, бұл дүниенің де, о дүниенің де игіліктеріне кенеледі.

Жан туралы адамдардың көпшілігі ештеңе білмейтіні шындық. Құранда «Мұхаммед (Ғ.С) олар сеннен жан (рух) туралы сұрайды. Бұл Раббымның әмірінен. Ол туралы өте аз білім берілді де» деген аят бар. Шындығында, Құранда жан туралы ештеңе айтылмайды.
Керісінше, Бһагавад Гитада жан туралы жан-жақты жәнге толымды ілім берілген. Бһагавад Гитада «Жан ешуақытта тумайды, өлмейді, өткенде жаратылмаған, қазір де, болашақта да жаратылмайды, ешкімнен тумайды, мәңгі-бақи тіршілік етуші, әуел бастан бар және тән өлген кезде өлмейді» деп тұжырымдайды.

Осыдан түйсінеріміз: жан болған, қазір де бар және бола береді. Яғни ол пәлен уақытта жаратылды, пәлен жылдан кейін өледі деп айтуға болмайды. Басы да, ортасы да, аяғы да жоқ мәңгілік тіршілік иесі – жан дегеніміз осы. Егер сіз осы түсінікті санаңызға терең сіңіретін болсаңыз, оның өміріңізді күрт өзгертері даусыз.

Адамдарға не жетпейді?

Осыдан біраз жылдар бұрын «Этот безумный, безумный, безумный, безумный, безумный мир» деген кино болған еді. Безумный деген сөзді бес рет қайталаудың не жөні бар деген ой келген. Киноны көрген соң оның мәнін анық түсінгендей болдым. Шындығында «мынау есуас, есуас…» деп мың-миллион рет қайталасақ та артық етпейді екен.

Өйткені мына өмірге ақылмен зер сала қарайтын болсаңыз, есуастықты қадам басқан сайын көресіз. Соның ең бастысы: адам мәңгі жасайтындай өзіне қажетті мөлшерден мыңдаған, миллиондаған есе артық игіліктерді бар күш-қуатын, өмірін сарып қылып жинауы.
Бала күнімізде нәжіс көрсе тоңқаңдап оны дөңгелете жөнелетін қара қоңыздың әрекетін қызық көріп қарайтынбыз. Нәжіс қоңыз деп аталатын әлгі мақұлық бір жазда 100 нәжіс доп домалатады екен, бірақ соның біреуін ғана қысқы ініне кіргізіп, соны қорек ететін көрінеді. Яғни, нәжіс қоңыздың еңбегінің жүзден тоқсан тоғызы далаға кетеді деген сөз.

Бүгінгі адамдардың әрекеттері де сол нәжіс қоңыздың тірлігіне ұқсайды. Ау, есі дұрыс адамға миллиардтаған доллардың, ондаған бөлмелерден тұратын сарайлардың, ондаған қызметшінің не қажеті бар? Шамадан тыс көп байлық адамға еш игілік әкелмейді, керісінше ауртпалық жүктейді. Бұл – шындық. Бірақ ақыл-естен айрылған пенделер нәжіс қоңыз сияқты өле-өлгенше нәжіс дүниені жинаумен күн өткізеді.

Ондайлар өздерінің мәңгілік жан екендігін, өлгеннен кейін де өмірдің барлығын, фәни жалғанның қызығы уақытша, өткінші болатындығын, ерте ме, кеш пе ажал келгенде бар өміріңді жұмсап жинаған игіліктерден жұрдай болып айрылатындығын мүлдем сезбейді.
Рухани білім адамды осындай есуастықтан құтқарады. Сол үшін де ол маңызды және бізге ауадай қажет.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика