-Маған келіп кетші, -деген қысқа әмірлі дауысты Санат бірден таныды. Қалалық ішкі істер басқармасы қылмыспен күрес бөлісмінің бастығы подполковник Орал Жақыпов бұл оқу бітіріп жұмысқа енді кіріскен дезде-ақ осы қызметте істеп жүрген еді. Ол кезде шені майор болатын. Енді подполковник. Бар өзгеріс сол ғана.
Анда-санда ғана шақыратын бастығының бұл шақырысының себебін түсіне қоймаса да, бір шұғыл іс болатынын түйсінген. Қылмыспен күрес бөлімінде күтпеген неше түрлі істер болып жатады. Алғаш жұмыс істей бастаған кезінде бәрі де қызық көрініп, сол тұста телеарналардан жиі көрсетілетін полиция қызметкерлерінің өміріне қатысты ресейлік сериалдардың әсерімен тәтті түс көріп жүргендей сезінетін жігіт келе-келе күнделікті бітпейтін бірсарынды жұмыс әуеніне түсіп, алғашқы балаң сезімнен арылған. Кинодағы әдемі көріністердің бәрі шынайы өмірде өңін өзгертіп, мүлдем басқаша сыйпат алады екен.
Бастығының жұмыс кабинетінде ешқандай өзгеріс жоқ екен. Бәрі де сол алғаш келген кездегідей жұпыны қоңырқай қалпы. Иесі қандай болса, кабинеті де сондай сияқты. Жалт-жұлт еткен жасандылықты ұнатпайтын Орал Кәрімұлының киім киісі де, жүріс-тұрысы, отырған жұмыс бөлмесіне дейін қарапайым.
-Есіңде ме, лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қылмыстық іс, -деді ол бұған қарап.
-Иә, -деді Санат басын изеп. Осыдан жеті жыл бұрын болған және ашылмай қалған іс туралы неге сұрағанын түсінбегендей тағы не айтар екен деп артын баққан.
(далее…)